«Нұр Отан» партиясында кезекті қоғамдық қабылдау өтті

493

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолы құқық саласы бойынша өткен қабылдауға соңғы үмітін арқалап келгендер – өңіріміздің тұрғындары. Арызданғандардың бірі сотталған баласын мерзімінен бұрын босатылуына көмек сұрап келсе, екіншісі өзінде қаулысы болып тұра жер телімін заңсыз үй салған азаматтан ала алмай жүргенін айтады. Құжатын рәсімдей алмай әлекке түскен оралман және күйеуінен балаларына алимент ала алмаған жас келіншекке де көмек көрсетілетін болды.

Қоғамдық қабылдауға алғашқы болып жазылған Жайсанкүл Назарова 15 жылға сотталған ұлының жайын сұрап келіпті. Отбасылық жағдайына байланысты баласын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына көмек сұрап келген.

Азаматшаның мұңын мұқият тыңдаған құқық қорғау саласының өкілдері бұл мәселені заң шеңберінде шешуге қолдау көрсететіндерін айтып, шарасыздықтан әбіржіген ана жүрегіне үміт отын ұялатты.

Төлеби ауданындағы Зағамбар ауылының тұрғыны Ерелхан Қаржаубаев заңды жер теліміне соттың шешімі шықса да, орналаса алмай әлекке түскенін айтып шағымдануда.

Ақсақалдың мәселесін шешуге сот орындаушылары алқасы кірісетін болды. Сот орындаушылары мен ішкі істер органдарына Ақмарал Қожабекованың күйеуін тауып, одан ортақ төрт баласына 2,5 млн көлемінде алимент өндіру міндеті жүктелді.

Ал Өзбекстаннан көшіп келген Фархад Сейдалиев отбасы мүшелерінің құжатын рәсімдей алмай әлекке түскенін айтып арыздануда. Қоғамдық қабылдауға қатысқан ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының өкілі азаматқа бұл мәселенің шешу жолдарын түсіндіріп берді. Қоғамдық қабылдаудың төрағасы арызданғандардың мәселелері бойынша тиісті органдармен жұмыс атқарылатынын және шағымдардың бақылауда болатынын нақты басып айтты.