Оңтүстікте 2021 жылы халықтың 95,5 пайызы газбен қамтылады

268
Оңтүстікте 2021 жылы халықтың 95,5 пайызы газбен қамтылады

Оңтүстік Қазақстан облысында 2021 жылға қарай халықтың 95,5 пайызы газбен қамтылады. Бұл меже 2017-2021 жылдарға арналған облыстың елді мекендерін газдандырудың жоспары негізінде жүзеге асады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы мәлім етті.

– Жалпы облыс халқы жылына 1,1 млрд текше  метр табиғи газ тұтынады. Оның 840 млн текше метрі – қыста, ал 293 млн текше метрі – жаз маусымында. Біздің өңір табиғи газбен 3 бағыт арқылы қамтамасыз етіледі. Олар – Өзбекстанның «Газли-Шымкент» және «БГР-ТБА» магистралды газ құбырлары, отандық «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры, Түркменстанның «Қазақстан-Қытай» транзиттік магистралды газ құбырлары, – деді Марғұлан Зұлхарнайұлы.

Басқарма басшысы одан бөлек Шымкент қаласы аумағында 509 нысан газ құбырларын қорғау аймағы шегін бұзып орналасқанын жеткізді. Бұл өз кезегінде сол маңда орналасқан ғимараттар мен тұрғындардың өміріне елеулі қауіп туғызып отыр.

Мәжілісте сөз алған облыс әкімі ең бірінші кезекте жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тағы да пысықтап, төтенше жағдайлардың орын алмауына мән беруді жүктеді.

– Шымкент қаласын қысқы маусымға дайындық жұмыстарын толық қадағалауда ұстау керек. Сондай-ақ, төтенше жағдайларды алдын алуға мән берген жөн. Өздеріңізге мәлім, биыл 8 қаңтарда газ жүйесі ақауынан жарылыс болды. Ал енді қыс алдымызда келе жатыр, осыған орай басқарма және әкімшілік бірлесіп, автоматты жылыту жүйелері орнатылған тұрғын үйлерге түгендеу жұмысын жүргізсін. Екіншіден, газ құралдарының қауіпсіздігін тексеретін техникалық инспекция  құрылуы тиіс, – деді әкім.

Халықтың қауіпсіздігі басты назарда болу керек екенін айтқан аймақ басшысы әр басшыдан өзінің функционалды қызметтерін дұрыс атқару талап етілетінін жеткізді.

Одан бөлек әкім Сарыағаш, Мақтаарал, Төлеби аудандарында бірқатар мектептердің жылу жүйесі газға ауыспағанын айтты. Бұл бойынша аудан, қала әкімдіктерінде арнайы комиссия құрылып, жұмыстың орындалуын бақылауды тапсырды.

Айта кетейік, облыста жылу беру маусымына дайындық жұмыстары сәуір айынан басталған. Аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың мәліметіне сәйкес, барлық дайындық жұмыстары толық орындалып отыр.

Көмір бағасын тұрақтандыру бойынша басқарма тарапынан көмір жеткізуші мекемелермен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде сатылу бағасын Майкөбе көмірінің 1 тоннасын 12500 теңгеге, ал Шұбаркөл көмірін 13 мың теңгеге дейін төмендетуге қол жеткізіліп отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі