Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары «Жыл кітабы» ретінде танылды

1461

 

Оңтүстікте «Бір ел-бір кітап» акциясы жалғасып жатыр. Акция аясында қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары «Жыл кітабы» ретінде танылды. «Бір ел – бір кітап» респуб­ликалық акциясы соңғы он жылдан бері ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау ісімен танылып жүр.  Осыған орай, Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханасында 7-9 сынып оқушылары арасында «Дауылпаз жыр жұлдызы» атты сайыс өтті.

2 кезеңнен құралған байқауда қатысушылар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын жатқа айтып, сахналық көрініс көрсетуі тиіс болды. Қос сайыстың нәтижесі бойынша үшінші орынды №69 мектептің 9 сынып оқушысы Алтынай Баймырза, екінші орынды №50 мектеп шәкірті Гүлнұр Әсет иеленсе, №18 мектептің 8 сынып оқушысы Зарина Берғалиева бірінші орыннан көрінді. Ұлттық әдебиетті насихаттауды мақсат тұтқан шара қаламыздағы барлық кітапханаларда өткізу жоспарланған.

Гүлнұр ӘСЕТ, екінші орын иегері: «Бүгінгі байқауға мен ақынның «Қамар сұлу» шығармасынан үзінді оқыдым. Бұл шығарма арқылы көп нәрсені ұқтым, қазақ қызына тән қандай қасиеттер болу керектігін түсіндім деуге болады».

Фарида Тұрғамбаева, Шымкент қаласы орталықтандырылған балалар кітапханасының жетекші әдіскері: Бұл шара жалғасын табады. Қаламыздағы 13 филиалдың барлығы осы шараның әрі қарай дамыту үшін басқа да әдіби іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.