Дәрігерге қол көтеру, медицина қызметкеріне қоқан-лоқы көрсету – соңғы жылдары жиілеген мәселелердің бірі. Енді мұндай жағдайлардың алдын алуға жасанды интеллект көмектеспек. Шымкентте медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін смарт-бейнежетондар мен бейнеаналитика жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қауіпті жағдай анықталған сәтте ақпарат полиция мен жедел басқару орталығына автоматты түрде жіберіледі.
Бүгінде Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының барлық бригадалары смарт-бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Бұл құрылғылар шақырту барысында болып жатқан оқиғаны толықтай бейнежазбаға түсіреді. Ал ең бастысы – қызметкерге қауіп төнген жағдайда бірнеше секундтың ішінде көмек шақыруға мүмкіндік береді.
Талғат Дауренбай, Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының аға фельдшері: «Бұл – біздің смарт-бейнежетондарымыз. Егер шақырту барысында қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, жасанды интеллект қауіпті жағдайды анықтай алады. Қызметкерге SOS батырмасын басудың қажеті жоқ. «SOS» немесе «Көмек» деп айтса жеткілікті. Жүйе бұл сигналды автоматты түрде полиция департаментіне және біздің жедел басқару орталығына жібереді. Соның нәтижесінде оқиға орнына ең жақын полиция экипажы мен жедел жәрдем бригадасы жіберіледі».
Қауіпсіздік жүйесі тек жедел жәрдем қызметімен шектелмейді. Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 2722 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 689-ы сыртқы, 2033-і ішкі камералар. Олар қабылдау бөлімдерінде, күту залдарында, дәліздерде және дәрігерлер кабинеттерінде орнатылған. Қабылдау бөлімдері тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен, агрессивті мінез-құлық танытатын азаматтармен де жиі кездесуге тура келеді. Мұндай жағдайда бейнебақылау жүйесі медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқиғаны жедел бақылауға мүмкіндік береді.
Гүлзәт Жолбарысова, қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Қабылдау бөлімінде науқастар Триаж жүйесі бойынша қабылданады. Кей кездері агрессивті мінез-құлық танытатын азаматтар кездеседі. Осындай жағдайларда бейнебақылау жүйесі арқылы орталыққа жедел ақпарат беріледі. Кіреберісте полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Бұл медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»
Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда агрессивті әрекеттерді ерте анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика жүйесін кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар терроризм тұрғысынан осал 28 медициналық ұйымның бейнебақылау жүйесі Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарымен біріктірілген.
Лаура Нахыпқызы
