Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, қылмысты аффект жағдайында жасағанын айтты. Оның сөзінше, қайғылы оқиға алдында екеуінің арасында жанжал туындап, кейін не болғанын есіне түсіре алмайды. Ал жәбірленуші тарап бұл уәжбен мүлде келіспейді. Адвокаттың айтуынша, Нұрай соңғы сәтке дейін өз өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан. Бұған қоса, сот-психиатриялық сараптама айыпталушының қылмыс кезінде өз әрекетін толық бақылауда ұстағанын және аффект жағдайында болмағанын көрсеткен. Сотта тағы қандай мәлімдемелер жасалды?
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі бойынша басты сот талқылауын бастады. Оған тараптардың бәрі қатысты. Жәбірленуші тарап тергеу кезінде марқұмның жарақатталған денесі түсірілген фото-видеоларды жария етпеуді сұрады.
АЯНХАН ОМАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АДВОКАТЫ: «Жәбірленуші тараптың өтінішін жеткізгім келеді. Алдағы уақытта іс бойынша жәбірленуші Нұрай Серікбайға қатысты сот-медициналық сараптамасы және оның денесін қарап тексерген кезде бейнежазба қолданылған. Сол жазбаларды Нұрайдың бейнесін теледидардан экраннан көрсетуге БАҚ — та шығармауды өтініп сұраймыз».
Сот бірінші жауапты айыпталушыдан алды. Ол тағылған айыппен мүлде келіспейтінін жеткізді. Және істі «Аффект жағдайында адам өлтіру» бабымен қарауды сұрады. Шерхан Аймаханның сөзінше, Нұрай екеуі қыз бен жігіт болып жүрген. Оған ақшалай және заттай сыйлықтар берген. Нұрай Алматыға оқуға кеткенде артынан барып, отбасын құруға ұсыныс жасаған. Қыз оған келіскен. Бірақ үйіне алып келгенде ата-анасы алып кеткен. Айыпталушы қанды оқиға болған күні Нұраймен қоштасуға барғанын айтады.
ШЕРХАН АЙМАХАН, АЙЫПТАЛУШЫ: «Бұлай істеп жүргенім дұрыс емес. Мазақ қылып жүрсің бе? Қалай болды, солай айттым. Машинада қалып кеткен жүзігін өзіне тапсырып, болды айырылысамыз, бұдан кейін сөйлесуге де, жүруге де зауқым жоқ дегенде жүзікті алып жолға лақтырды. Неше түрлі боқауыз сөз айтып, көкірегімнен ұра бастады. Сол кезде пышағым сезіліп, Нұрайға пышақты ұсынған болатынмын. Одан да мені пышақта дедім. Ол колымен маған соққы жасады. Ішіме, сол кезде артқа шегініп үлгердім. Содан кейін қалай болғаны есімде жоқ».
Десе де адвокат Аянхан Омаров Нұрайдың Шерханға пышақ салып, жарақаттағанын жоққа шығарады. Нұрай өз өмірін қорғау үшін жанталасты дейді. Ал Шерхан Аймаханның сөзінше, оған «аралас ойлар және әрекеттер» деген диагноз қойылған. Өз әрекетіне жауап бере алмайтын кездер болатынын, бірнеше рет өзіне-өзі қол салуға әрекет еткенін айтты. Бірақ, қандай да бір аурумен ресми тіркеуде жоқ болып шықты. Ол болған оқиғаға өкінетінін, бұл үшін барлығынан кешірім сұрайтынын айтты.
ШЕРХАН АЙМАХАН, АЙЫПТАЛУШЫ: «Мен осы іс-әрекетімнен Нұрайдың ата-анасынан және ағаларынан, туысқандарынан және өз әке-шешемнен және барлық әулетімнен кешірім сұраймын. Мұндай іс-әрекетке жетеді деп ешқашан ойламағам. Бәрінен де кешірім сұраймын. Залда отырғандардан да кешірім сұраймын, өкінемін. Және бүкіл Қазақстаннан кешірім сұраймын».
Десе де жәбірленуші тарап айыпталушының бұл сөздерін жазадан сытылудың амалы деп біледі. Оқиғаны адам өлтіруге дейін біліп, Нұрайға пышақ сұққанын есіне түсіре алмауы ақылға қонымсыз дейді.
АЯНХАН ОМАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АДВОКАТЫ: «Сотталушы Нұраймен қалай жолыққаны, қанша ақша құртқаны, бәрі есінде ал нақты қылмысқа келгенде негізгі жері есінде жоқ дегені оған мен мүлде сенбеймін. Күмәнмен қараймын. Аймахан Шерханға қатысты республикалық интенсивті емделетін орталықта оған қорытынды берілген. Одан кейін сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Нәтижесінде ол қылмыс жасаған кезде өзінің іс-әрекетін қолына алған, әрекетін басқара алған. Және тергеу мен сотта жауап беруге дайын деп көрсеткен. Сонымен қатар іс-әрекетінде аффект жағдай жоқ деп тайға таңба басқандай жазылған».
23 шілде күні Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы өткен. Тергеу мәліметінше, күдікті қызды еркінен тыс алып қашқан, ұзақ уақыт аңдып, кейде екі сағаттың ішінде 76 рет қоңырау шалған. Саябаққа баруға келіспегені үшін 35 жерінен пышақтап тастап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Айта кетейік, қанды оқиға 11 қаңтар күні кешке болған. Айыпталушы тергеу кезінде кінәсін толық мойындаған.
Дилара Иса






