Úı ANONS Перинаталдық орталықтар жаппай тексеріледі

Перинаталдық орталықтар жаппай тексеріледі

Еліміздегі барлық перинаталдық орталықтарда ауқымды тексеру жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 15 тамызға дейін босандыру қызметін көрсететін 69 медициналық ұйымды толық тексеруді тапсырды. Негізгі мақсат, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін күшейтіп, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу.

 

 

Денсаулық сақтау министрі, жауаптыларға  еліміздегі перинаталдық орталықтарды жаппай тексеруді міндеттеді. Тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын жан-жақты бағалайды. Министрліктің мәліметінше, тексерулердің басты мақсаты – айыппұл салу немесе санкциялар санын көбейту емес. Керісінше, қауіп-қатердің алдын алып, оларды дер кезінде жою және босандыру қызметінің сапасын арттыру көзделіп отыр.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА,  ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді»

 

Сонымен қатар, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыруға қажетті құрал-жабдықтармен, жеке қорғаныш құралдарымен, бір реттік медициналық материалдармен қамтамасыз етуі тиіс. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша тұрақты оқыту тапсырылды. Сондай-ақ, антибиотиктерге төзімділік мәселесі де тоқталды. Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы препараттарды тек дәрігер рецептісімен босату талаптарына бақылауды күшейтеді.

 

Тексеру нәтижелері бойынша әрбір өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған арнайы жол карталары әзірленіп, бекітіледі. Министрлік қабылданған шаралар аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, медициналық көмектің сапасын жақсартуға және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді деп отыр. Айта кетейік, Қазақстандағы медициналық-демографиялық көрсеткіштер тұрақты түрде жақсарып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туу көрсеткіші 1,8 пайызға артқан. Ал, туу мен егіздер саны бойынша дәстүрлі түрде Түркістан, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласы көш бастап тұр.

Нұргүл Жолымбетова