Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

516
Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өңірдегі қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Жиынға облыс, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма, бизнес-құрылым және коммерциялық ұйымдардың басшылары, аудан, қалалардағы үкіметтік емес ұйым басшылары мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Жиынды аймақ басшысының өзі жүргізіп отырды.

Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің қызметі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірімізде 1268 қоғамдық ұйым тіркелген. Оның 558-і үкіметтік емес ұйым болса, 174-і белсенді саналады. Облыста үкіметтік емес ұйымдар қолдау мақсатында жыл сайын қаржыландыру көлемі артып келеді. Нәтижесінде өңірімізде 200-ге жуық  жоба жүзеге асуда.

– Алайда кейбір салалар бойынша жүйелі жұмыс жеткіліксіз. Атап айтар болсам, дін саласындағы түсіндіру және насихат, мемлекеттік жастар саясаты, суицид мәселесі, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, этносаралық ынтымақ, білім саласындағы жемқорлық, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі әлі де болса төмен, – деді Ұласбек Сәдібеков.

Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

Мәжілісте сөз алған ОҚО Азаматтық альянсы заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұзақ мерзімді 3 жылдық конкурс өткізу мәселесін көтерді. Ал Шымкент қаласындағы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вадим Торопов Ордабасы, Сайрам, Бәйдібек, Түлкібас, Шардара аудандарында Инваиакси қызметін ұйымдастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.

Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

Мұнан соң мінберге «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Саржанов, Қазақстанның жергілікті соғыс және Ауғанстан ардагерлер одағының ОҚО бойынша қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Майханов, «Балаларды СПИД-тен қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жаннетта Жазықбаева, «Дос-Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанысбек Өтегенов баяндама жасап, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңіріміздегі үкіметтік емес сектордың белсенділігін арттыру мақсатында бизнес құрылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықта жұмыс атқаруға  шақырды.

Ж.Түймебаев: Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс

– Азаматтық қоғам институттары – билік пен бұқараның арасындағы көпір іспетті. Жалпы, қандай да бір істі болмасын өзара бірлік пен ынтымақтың, түсіністіктің нәтижесінде жүзеге асыруымыз қажет. Осы ретте сіздерге тек үкімет қаржысына ғана қарап отырмай, бизнес құрылымдармен бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын, яғни үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікті арттыруға күш салуы тиіс. Сонда ғана қоғамның өміршең проблемаларын түпкілікті шешуге қол жеткіземіз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын соңында өңір басшысы облыстағы белсенді үкіметтік емес ұйым өкілдерін алғыс хатпен марапаттады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі