Шымкент қаласының полицейлері ірі сомадағы ақшасы бар әмиянды ұрлаған азаматша ұсталды. Желтоқсан айының басында Әл Фараби полиция бөліміне 66 жастағы зейнеткер арызданып келеді. Ол өз арызында қоғамдық көлікте сөмкесінен ірі сомадағы ақшасын әмиянымен белгісіз біреу ұрлап кеткенін көрсеткен.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу нәтижесінде күдікті ретінде 1972 жылы туған, Шымкент қаласының жұмыссыз тұрғынын ұстады. Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушінің сөмкесінен 2 мың АҚШ доллары мен банк карточкасы бар әмиянын ұрлағаны анықталды. Ол кейін әмияннан табылған карта пин-кодымен жәбірленушінің 600 мың теңгеден астам ақшасын банкоматтан алған.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ұрлық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда жатыр. Полицейлер оның өзге де ұрлық жайттарына қатысын анықтауда.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, қалта ұрлығы — халық көп шоғырланған және қоғамдық орындарда жиі орын алатын қылмыс түрі. Әдетте, қалта қағарлар азаматтардың бейқам не ұқыпсыздығын пайдаланады. Шымкент қаласының полицейлері халыққа өз-өзіне сақ болуға, заттарын қараусыз қалдырмауға, келеңсіз жағдайлардан сақ болу үшін, мынадай сақтық шараларына кеңес береді:
- Мүмкіндігінше қоғамдық көлікте қалта ұрысының назарын өзіңізге аудармас үшін ұялы телефонмен сөйлеспеңіз. Телефон ұрланған жағдайда оны анықтай алатын жеке сәйкестендіру нөмірін жазып алыңыз.
- Ақша, әмиян және ұялы телефонды киімнің ішкі қалталарыңызға салыңыздар. Қалтадағы ақшаны көпшілік алдында санамаңыз. Сөмке, әмияндарыңызды ашық күйде қалдырмаңыз.
- Қоғамдық көлікте кез-келген жолаушы қалта ұрысы болуы мүмкін, сақ болыңыздар.
Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлау жайтының жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз, полицияға 102 нөмірі арқылы дереу хабар беріңіз. Сіздің ақпаратыңыз қылмыскерді ізін суытпай ұстауға сеп болуы мүмкін.