Шымкентте химия зауыты салынады

664
Шымкентте химия зауыты салынады

Шымкентте химия зауыты салынбақ. Өндірісті өңірдің экономикасын өрге сүйреуге септесетін тағы бір алып зауыттың келтірер пайдасы көп. Ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуы әлеуметтік түйіндерді тарқатады. Одан бөлек өзге өндірістерге қажетті шикізатты шетелден тасып сабылмайтын болады.

«Шымкент химия» компаниясы этил-трет-бутил эфирі және ұнтақты полипропилен өндірісі бойынша зауыт салмақ. 2018 жылы іргетасы қаланатын болса, 2019 жылдан бастап алғашқы өнімін шығара бастайды деп жоспарланып отыр. Кілем, аяқ киім, саласына қажетті шикізатты, сондай-ақ ұн, цемент өндірісіне қажетті қап өндіруге таптырмайтын шикізат болып табылады. Өндіріс орны «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орын теппек.

Мәлік Шыныбаев, «Шымкент химия» компаниясы ЖШС директоры: «Бұл жобаға әлемдегі №1 жоғары технологиялар қолданылатын болады. Оның бағасы да жоғары, өндіріске келтірер пайдасы да мол. Заманауи жоғары технологиялардың пайдасынан бөлек экологиялық ахуалды жақсартуға да тигізер пайдасы бар. Жоба өңірдегі мұнай химия кластерінің дамуына мол үлес қоспақ. Дамыған елдерде мұнайгазхимия саласындағы 1 доллар экономикада 2-3 доллар өсінді әкелуде және саладағы әрбір жұмыс орны экономикада 7-ге дейін жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді. Осыған орай мұнайгаз химия саласы алдағы уақытта еліміздің экономикасы дамуының басым бағыты болмақ.»

Өндірілген өнімнің жартысы жергілікті кәсіпкерлерге сатылатын болса, қалған бөлігі Ресей, Қытай, Түркияға экспортталмақ. Жобаның жалпы құны 28 миллиард теңгені құрайды.

Асқар Әбубәкіров, ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры: «Бұл жобаны осында орналастыру үшін көптеген жұмыс атқарылды. Арнайы экономикалық аймақта негізінен тоқыма өндірістері орналасқан. Ал полипропилен бұл өңдеу өнеркәсібі. Сондықтан министрлікке дейін бұл мәселе қаралды… Ірі жоба. Отандық инвестиция. Мұндай зауытты тұрғызу үлкен қаржыны, технологиялық порцесті қажет етеді. Бұл аймақта орналасуы да өте тиімді. Өйткені шикізат көзі жақын маңда орналасқан, мұнда «ПетроҚазақстан» мұнай өңдеу зауыты орналасқан.»

Шымкентте химия зауыты салынады

Ел аумағында ұнтақты полипропиленді өндіру алдағы уақытта импорт мөлшерін азайтып, осы өнімді қолданатын салалардың дамуына жаңа серпін бермек. Жаңа зауыттың қоршаған ортаға келтірер залалы туралы қоғамдық тыңдау да өтті. Оған эколог-ғалымдар, қоғам белсенділері қатысып, заманауи жаңа технологиялармен жабдықталатын өндіріс орнының қоршаған ортаға еш залалы болмайтынын атап өтті.

Гүлжан Көшерова