Шымкентте ыстық су тарифі өзгерген. Мұны бірі білсе, екіншісі біле бермейді. Ыстық суды, әсіресе, көп қабатты үй тұрғындары көп қолданады. Тұтынушылар қараша айына келген төлем түбіртегінен тарифтің бірден 421 теңге 89 тиынға қымбаттағанын байқапты. Бірден қымбаттап кеткен ыстық судың тарифі қалай есептелді? Бағам баршаның қалтасын көтере ме?
Шымкенттік зейнеткер Софья Галиулина қараша айына келген түбіртектегі ыстық су тарифін көріп, шалқасынан түсе жаздағанын айтады. Бірден 421 теңге 89 тиынға қымбаттаған баға қалтаға әжептеуір салмақ түсірді деп отыр. Айтуынша, былтыр тұтынған ыстық суы үшін бір адам 780 теңге 14 тиын төлепті, ал биылғы көрсеткіш — 1206 теңге 3 тиын.
Софья Галиуллина, қала тұрғыны: «Жеті ай бойы ыстық су болмады, қараша айына түбіртек алған едім, ыстық суға тарифті көтеріп жіберіпті. Мен «Рабат» газетін үнемі алып тұрамын, онда коммуналды қызметтерге қатысты мәліметтер береді. Жылуға тарифтің көтерілгенін естідім, бірақ ыстық су туралы теледидардан да көрмедім.»
Софья Александровна өзін ғана емес, көпшіліктің де қамын ойлайды. Өйткені үй төрайымына тұрғындар сұрақтармен жиі келеді. Олардың арасында зейнеткерлер де, көп балалы отбасылар да жеткілікті. Тұтынушылар жаңа тариф жайлы ешкім ескертпегендіктен, түсініктеме талап етеді дейді зейнеткер. Жылу маусымы басталғалы Қуат жылу орталығы-3 мекемесінің абоненттер бөліміне келушілер де көбейген.
Марина Хохлова, Қуат жылу орталығы-3 МКК өткізу-сату бөлімінің басшысы: «Ыстық суға тарифті көтеру шілде айында ұсынылған, тамызда қабылданып, 2017-2018 жылдағы жылу беру маусымы басталғалы қолданысқа енгізілді. Біз монополияға қарсы комитетте бес жылға тарифті қорғадық. Тұрғындар хабардар болар, табиғи газға баға өскен болатын. сондықтан біз ыстық суға тарифті 421 теңге 89 тиынға көтеруге мәжбүр болдық. Жылу және ыстық суға тарифтер жайлы мәліметті сала министрлігі сайтынан біле аласыздар.»
Бөлім басшысы үнемдеуді әдетке айналдырған тұтынушыларға ыстық суға да есептегіш құрылғысын орнатуға кеңес береді. Әзірге ешкімге шқандай жеңілдік жоғын да жасырмады. Тек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне былтырғыдай жеңілдік жасауымыз мүмкін деп қалды.
Марина Хохлова: «Жалпы есептегіш құралы орнатылмаған көп қабатты үйде қосымша салық құнын есептегенде бір текше метрі 376 теңге 88 тиын. Ал есептегіш құрылғысы бар пәтерде құжат бойынша бір адамға ыстық судың нормасы — 2-3 текше метр. Оның бағасы қазаннан бастап 1206 теңге 3 тиын. Егер сіз суды осы мөлшерден кем пайдалансаңыз, әрине есептегіш құралында көрсетілген тұтынған суыңызға ғана төлейсіз. Ыстық суды тиімді пайдалансаңыз, үнемдеуге болады.»
Егер ыстық судың төлеміне қатысты сұрағыңыз туындаса, 56-50-43 телефонына хабарласыңыз. Ал аталған қызмет түріне көңіліңіз толмаса, онда 53-00-15 байланыс телефоны арқылы қала әкімдігінің диспетчерлік қызметіне жүгініңіз.