Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов республикалық «Жайдарман» ойындарының абсолют чемпионы – «Сырдария» жайдарман тобын қабылдады. Әкім топтың мүшелерімен ашық сұхбат құрып, бұдан әрі қарай ауданда жайдарман ойындарын дамыту, жастарды тәрбиелеу жайында әңгімелесті.

Мақтааралда жайдарман ойындары дамуына үлкен мән беріледі. «Жайдарман» клубы алғаш ашылғанда 9-ақ жайдарман тобы сахнада ойын көрсетсе, бүгінде олардың саны 150-ге жуықтап қалған. Республикалық ашық лигаларда, премьер-лигада және жоғары лигада Мақтаралдың атынан бір емес, бірнеше жайдарман тобы ойын көрсетіп жүр.

«Сырдария құрамасы» жайдарман тобы осы лигалардың алғашы екеуінің чемпионы болып, жоғары лигада 3 жыл қатарынан ойнаған. Бірінші жылы үшінші орынды алса, былтыр екінші орынды иеленді. Ал биыл қажырлы еңбектің нәтижесінде чемпион деген атқа ие болды.

Сондай-ақ, Мақтааралдың атынан ойын көрсетіп жүрген «Жетісай құрамасы» жайдарман тобы былтыр республикалық ашық лиганың чемпионы атанып, бүгінде премьер-лигада ойын көрсетіп жүр. Аймақтық ашық лигаларда, облыстық лигаларда да ауданның намысын қорғап жүрген бірнеше жайдарман топтары бар.

«Сырдария» құрамасы жайдарман сахынасында 5 жыл ішінде мынадай жетістіктерге жеткен:
1. 2013 жылы республикалық Алматы ашық лигасының чемпионы.
2. 2014 жылы республикалық премьер-лига чемпионы.
3. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы лигасының чемпионы.
4. 2015 жылы республикалық жоғары лиганың үшінші орын жүлдегері.
5. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі кубогының жеңімпазы.
6. 2016 жылы республикалық жоғары лиганың екінші орын жеңімпазы.
7. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогының екінші орын иегері.
8. 2017 жылы республикалық жоғары лига чемпионы.