Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

944
Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төле би ауданында болып, Ақтас елдімекеніндегі жаңадан ашылған «Ақкен-Саумал» емдік-сауықтыру орталығының жұмыстарымен танысты.

Оңтүстік Қазақстандағы бірегей жобалардың бірі болып табылатын бұл орталықта бір мезетте елу адам саумалмен емделе алады. Өңірдегі ең алғашқы сауықтыру орталығының ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясының ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов бастаған халық қалаулылары қатысты.

Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

Бұл орталықта емделушілердің барлық дертіне қазақтың ұлттық сусыны – қымыз ем болмақ. Мұнда демалушыларға емдік өнімді әзірлеу үшін отыздан аса бие сауылады. Қымызбен емдеудің бір курсы 10 күнді құраса, әр адам күніне 1 литр саумал ішуі тиіс.

Еліміздің тәуелсіздік мерекесіне орай оңтүстікқазақстандық емделушілер үшін есігін айқара ашқан орталықтың жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі барша төлебиліктерді айтулы мерекемен құттықтады.

Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

– Бүгін біз ұлттық сусынмен емдеу орталығының ашылуына қатысып отырмыз. Бұл нысанның іске қосылуымен ішкі туризмді дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықты таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету көзделуде. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары құрылып, шағын және орта бизнестің дамуына өз септігін тигізуде, – деді әкім.

Жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын орталықта 15 азамат жұмыс істейді. Мұнда саумалмен емдеуден бөлек минералды ванналар, жабық бассейн, тұзды бөлме, фин моншасы, фито бар, массаж, биоптрон жарық терапиясы, атпен серуендеу қарастырылған.

Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

Бие сүтінің шипалы қасиеті оның көптеген аурулардан алдын алуында екенін айтқан мекеменің құрылтайшысы Жарқынбек Төлтебай табиғаты тамаша бұл мекенге келген адамның өзін жақсы сезінуіне таза ауа мен қайталанбас табиғаты кепіл бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар қонақ үй тектес бұл жайларда бүкіл отбасыға арнап демалыс ұйымдастыруға болатынын және табиғаттың адам организміне жағымды әсер етуі үшін мұнда бар жағдай жасалғанын жеткізді.

Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды

Жалпы қымыз өндіру саласы ауданда қарқынды дамып, соңғы 3 жылда жылқы басы 4500-ге жеткен. Бұл мемлекеттік қолдаумен жеткен жетістік. Себебі 2016 жылы мемлекеттік қолдау шаралары 16 шаруашылыққа көрсетіліп, шаруалар жалпы 678 тонна қымыз өндіргені үшін 26,8 млн теңге субсидия алған. Ал биыл осы шаруашылықпен айналысатындар қатары артып, 24 шаруашылыққа жетті. Бүгінде сол кәсіпкерлерге мемлекеттен 31,5 млн теңге көлемінде субсидия берілген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі