30 пайызын төлеп, жылдық 5 пайызбен пәтер ал

406

2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жеңілдетілген несие беру үшін 24 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды inform.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл қаражат республикалық басым бағыттағы инвестициялар тізіміне енді және биылғы бюджет аясында қарастырылып отыр. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпхановтың төрағалық етуімен өткен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Директорлар кеңесінің отырысы барысында айтылды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бюджеттік несие түрінде жыл сайын банкке 24 млрд теңге көлеміндегі қаржы бөлуді қарастырады. Бұл ақшаға банк салымшылары 5% көлеміндегі жеңілдетілген мөлшерлемемен алдын ала және аралық тұрғын үй қарызын ала алады. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шотында 30% көлеміндегі ең төменгі алғашқы жарна болуы қажет» – делінген хабарламада.

Еске салайық, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекет бөлген 30 млрд теңгені игерген еді. Бұл қаржыға 3 488 қазақстандық отбасы «Нұрлы жер» аясында төмен бағамен үй сатып алған болатын.

Сондай-ақ, жиналыс барысында банк 2017 жылдың төртінші тоқсанының нәтижесі бойынша Ішкі аудит департаментінің қызметі туралы есеп беріп, Директорлар кеңесіне ұсынылатын есептілік тізімін бекітті. Мәліметтерге сәйкес, Директорлар кеңесі төртінші тоқсанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметіне қатысты 80 мәселені қарастырған.