Синоптиктер алдағы аптада 18-20 градус аяз болатынын хабарлайды

691

Синоптиктер қатты аязды күндер жақындағанын айтып, дабыл қақты. Мәліметтерінше, апта соңында ауа райы күрт суып, ауа температурасы төмендейді. Әсіресе, қаңтардың 27-28 жұлдызында қатты аяз болады деп күтілуде. Өңіріміздің солтүстігі Арыс, Түркістан, Созақ аудандарында термометрдің бағанасы – 30 градусқа дейін төмендейді деген болжам бар.

Жұмадан бастап, күнгейде күн суытады. Бұл туралы «Қазгидромет» мекемесінің оңтүстіктегі филиал мамандары мәлімдеді. Қазір олар облыс орталығы мен таулы аудандардағы және асулардағы температураны анықтап, картаға түсіруде. Синоптиктердің мәлімдеуінше, Шымкентте соңғы рет 1969 жылы аязды күндер тіркелген. Сол жылы ақпанның үшінші тоқсанында ауа температурасы -38 градусқа дейін төмендепті. Содан бері сарышұнақ аяз болмапты. Ал биыл суық антициклон келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Болжамдарынша, қаңтардың 26-сынан бастап, 29-на дейін -35 градусқа дейін аяз күтілуде. Әсіресе, теріскейдегі Тасты станциясында қатты күн суытады деп отыр.

26-29 қаңтар аралығында ОҚО аудандарында ауа райы суытады. Әсіресе 27-28 күндері күрт төмендеп -30 градусқа дейін жетеді. Шымкентте ауа райы 18-20 градусқа дейін төмендейді.

Теріскейлік көлік жүргізушілері үшін аяз таңсық емес. Қыс мезгілінде Одаман асуы ашық болса, жолаушыларды дітдеген жеріне жеткізіп саламыз дейді. Созақ ауданындағы Тасты станциясына жолаушыларды он жылдан астам тасымалдап келген жүргізуші Қайрат Өмірзақ қыстың қаһарына үйреніп қалғанын айтады.

Қаладағы халықаралық «Самал» автовокзалынан түрлі бағыттарға қатынайтын көлік компанияларының жүргізушілері арасында дауылды ескерту жайлы мәлімет таратылған. «Мақсат – қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау»,- дейді автовокзал басшылығы.

Асқар Шалабаев, «Самал» халықаралық автовокзалының атқарушы директоры: «Дауылды ескерту алғаннан бері қыс мезгілінде күшейтілген режимде жұмыс жасаудамыз. Жанар-жағармай қатып қалмас үшін, жолаушылар тоңбас үшін барлық жағдайды жасаймыз».

Ал жолаушылар синоптиктердің ескертпесін елеусіз қалдырмайтынын айтады. Төтеншеліктер дауылды ескерту жариялай сала, жолға шығу жоспарын өзгертуді әдетке айналдырған.

Ал төтеншеліктердің хабарламасына құлақ аспайтындар да бар. Мұны сала мамандары жақсы біледі. Сондықтан болар, қыстың күні жолда қалғандарды жауратпау үшін алдын-ала дайындалады. Бұл жылы да асулардың маңынан жылыту бекеттерін әзірлеп қойған.

Ал ең дұрысы – ескертуге құлақ асып, мүмкін болса, сапарға шығудан бас тартқан жөн. Алдағы демалыс күндері табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруге облыстағы тиісті департамент, мекемелер сақадай сай отыр. Олар күшейтілген қызмет түріне көшіп үлгеріпті.

Шынар Оразова