Қай ұлттың діңгегі де өзегі де — мәдениет. Осы орайда облыстық опера және балет театры «Мәдениет – ұлттық рухтың тірегі» атты жаңа жоба бастады. Ұлттық салт-санамызды танытып, өткеннен тамыр алатын болмысымызды айқындайтын бастама сәтімен жүзеге ассын.
Әртістер концертті тамашалуға келген көрермендерді театрдың кіре берісінен-ақ қарсы алды. Жай тұрмай, классикалық және ұлттық опералардан үзінділер орындады. Олар қазақ өнерінің ерекше құндылығын жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды борыш санайды.
Гауһар Ахетова, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Бүгінде опера және балет театрының көрермендері қалыптасқан. Көріп тұрғандарыңыздай адам саны өте көп. Осы келген көрермендердің барлығы ұлттық операмыз жайлы мағұлмат алып, біліп қайтатын болады. Тіпті кейде бізге келіп, мына жерде керемет орындадың ал, мына жерде сәл дұрыс болмады деп баға беретін көрермендеріміз де бар. Бұл бізді қуантады».
Жаңа жобаның бастауалды кешіне қатысқандардың басым бөлігі – жастар. Сонымен қатар өңіріміздің бірқатар зиялы қауым өкілдері де арнайы келіпті. Олар құлақ құрышын қандыратын әсем ән тыңдай жүріп, көрмені де тамашалады. Мұнда қазақ өнерін әлемге танытқан күміс көмей әнші Әміре Қашаубаев жайлы «Ән әлемі – Әміре» атты кітаптар көрмесі жасақталған. Сондай-ақ, ұлттық операны жаһанға насихаттап жүрген жұлдыздар туралы туындылар да осы сөреден табылды. Жиналған көпшілік бұл істің барлығын рухани мәдениетіміздің жаңғыруы деп баға берді
Нышан Төлеген, сазгер: «Осындай жобалар керек қазір. Қоғам жаңару керек, сана жаңару керек. Ұлттық құндылықтар осылай жаңаша дәріптелуі керек. Тарих пен мәдениет және әдебиетіміз қалыптасу үшін осындай жобалар керек-ақ. Облыстық опера және балет театрының ұжымы жақсы бастама бастапты. Әншілер табиғи дауыспен ән салып жатыр. Қандай керемет әрі жағымды. Біз осындай шынайы өнерден рухани ләззат алуымыз керек. Халқымыздың таза өнерін боямасыз таза жеткізді. Мен жаңа жобаның бастамасына сәттілік тілеймін».
Осылайша жаңа жобаның шымылдығын түрген театр ұжымы Ұлттық опера жанрын дамыту үшін насихаттау жұмыстарын кең көлемде жүргізеді. Айта кетейік, енді жыл соңына дейін өткізілетін барлық іс-шара осы жоба аясында болады.