Úı ANONS Жаңа жоба: Шымкентте тікұшақ жөнделеді

Жаңа жоба: Шымкентте тікұшақ жөнделеді

Шымкентте алғашқы авиациялық-техникалық орталықтың құрылысы басталды. Шымкентте әуекемелерін жөндеп, техникалық қызмет көрсететін орталық ашылады. Осыған орай, еліміздегі алғашқы «MRO SCAT» авиациялық-техникалық орталығының құрылысына капсула салу рәсімі өтті.

Жоба Мемлекет басшысының АҚШ-қа жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Салтанатты шараға ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, «SCAT» әуекомпаниясының басшылығы мен «Boeing» компаниясының өкілдері қатысты.

Жаңа жоба. Жаңа мүмкіндік. Енді Шымкентте тікұшақтар жөнделетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақш еліне сапары басында Boeing трансұлттық корпорациясының басшыларымен кездесіп, серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланған болатын.

Келіссөз барысында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға, соның ішінде SCAT Airlines әуекомпаниясына қосымша әуе кемелерін жеткізу, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мәселелері қарастырылған болатын дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. Ол, іс-шара барысында жобаның маңыздылығына тоқталып, жаңа орталық Шымкенттің авиациялық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтетінін атап өтті.

Сонымен қатар, капсула салу рәсіміне арнайы келген ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластев, бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға және әуе кемелеріне қызмет көрсету саласына заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жоба аясында әуе кемелеріне толық техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүргізуге арналған заманауи ангарлар салынады. Сонымен қатар, мұнда жұмыс істейтін кәсіби мамандар дайындалмақ. Ол үшін жауаптылар, көлік колледжінде арнайы кафедра ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес Шымкент әуежайын заманауи мультимодальды хабқа айналдыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы мұнда екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталған болатын. Бұл жұмыстар көлік-логистикалық тораптың негізгі элементіне айналып, кез келген әуе кемесін күрделі метеорологиялық жағдайларда да қабылдауға мүмкіндік береді.

Нұргүл Жолымбетова