Шәмшінің шәкірті Сейіткәрім Нұранов — 65 жаста

607

Әйгілі сазгер, вальс падишаһы Шәмшінің шәкірті Сейіткәрім Нұранов — 65 жаста. Айтулы датаның құрметіне орай, өнер иесі әріптестері мен үзеңгілес-замандастарын арнайы шақырып, тыңдармандары үшін шығармашылығын саралады.

Асқаралы 65-ті алқымдаған Сейіткәрім Нұранов — тойдың төрінде. Көңілі де қобалжып, ерекше күй кешкенін көз-жанарынан-ақ байқауға болады. Себебі, бұл — 40 жылдан астам өмірін өнерге, ондағы саз әлеміне сарп еткен сазгердің алғашқы сырлы кеші, шығармашылығын тұңғыш саралау — сәттері.

Бақтияр Айдаров — дәстүрлі әнші. Күнгейліктер өнер иесін қазақи қоңыр дауысы үшін ғана емес, қасиетті домбыраның қадір-қасиетін құнттағаны үшін де құрметтейді. Елдің ерекше ықыласына бөленіп, алғысын арқалаған дүлдүл әнші бұл тойда да тосылған жоқ, кеш кейіпкері, сазгер Сейіткәрім Нұрановтың жүрекжарды туындысын тыңдарманға тарту етті.

Бүгінде көпшілік Сейіткәрім Нұрановты «Шәмшінің шәкірті» деп таниды. Заманында қазақ вальсінің падишаһынан бата алып, өнер әлемінде өрлеп, талай тұщымды туындылардың авторы атанған. Осылайша тыңдарманның жүрек төрінен орын алған Сейіткәрім Нұрановтың шығармашылығына үңіліп, бүгінгі мерейтойымен құттықтау үшін келушілер де көп болды. Ал композитор арнамыздың көрермендері алдында тыңдарманның талғамын дөп басып, ән жазу қолтаңба-құпиясын айтып берді.

Сейіткәрім Нұранов, сазгер: «Мен әнді тек көктем мен күзде жазамын, қыстың күні жаза алмаймын. Шабыт солай. Сосын түн ауа көкірегімде күй ойнап, мазалайтыны бар. Сол мезет орнымнан тұрып, ойымды қағаз бетіне түсіремін. Бұл да менің ерекшелегім болса керек. Алдағы арманым — менің жазған шығармаларым жұртшылықтың жадында мәңгі сақталса екен! Үнемі орындап, тіпті менің көзім кеткен күннің өзінде де еңбектерім өшпесе екен деп тілеймін!».

Мәдени шараның мерейлі меймандары сазгердің өзі мен өміржолы жөнінде өнегелі әңгімелер айтып, сазгерлік шеберлігіне толағай табыстар тіледі. Иығына шапан жауып, құттықтау тілектерін жолдап, құрметке бөледі. Айта өтейік, бүгінде Сейіткәрім Нұрановтың ән-қоржынында бір емес, 75 шығармасы бар. Қуантарлығы, қазір көптеген еңбектерін әйгілі әншілер орындап, жұртшылықтың жүрегіне жұбаныш, көңіліне қуаныш ұялатып жүр.