«Жолаушылар тасымалына жауаптылар компанияларды алалайды»

439

Бастан аяқ ресми тілде өткен басқосуда тасымалдаушылардың өкпе назы көп болды. Тіпті, «мемлекеттік сатып алу конкурсында да қалалық әкімдіктің жауапты бөлімі конкурсқа түскендерді алалайды», – дейді.

Дархан Каюпов, «Оңтүстікавтотранс» қауымдастығының төрағасы: «Біздің жауапты бөлімнің өз адамдары бар ма деп қаласың… Кейбір тасымалдаушыға әрдайым «зеленый свет», кейбіріне жол жоқ».

Бұл сұраққа да Жұматаев мырзаның жауабы дайын. «Мемлекеттік сатып алу конкурсы заң шеңберінде өтеді. Шағымданушы тасымалдаушылардың өздері талапты орындамайды. Содан барып, кешкі уақытта Шымкентте қоғамдық көлік мәселесі ушығып кетеді. Бұған тікелей өздері кінәлі», – дейді бөлім бастығы.

Қуатжан Жұматаев, қалалық әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Тендер заң шеңберінде, сол қауымдастықтың өкілдерінің қатысуымен, мақұлдауымен өтеді. Бұл шағым негізсіз. Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында, жалпы республика бойынша кешкі уақытта қоғамдық көлік тоқтап қалу мәселесі жоқ. Ал бізде ол бар. Неге? Өйткені, біздегі тасымалдаушылардың көліктерінің 80 пайызы тозған».

Шымкенттің жолаушылар тасымалына «Гринбас» компаниясы киліккелі талай тасымалдаушының жолы байланып, компаниялар жабылып қалды. Бұл да негізсіз дейді қауымдастық өкілдері.

Қоғамдық көліктің сапасын арттырамын деп несие алғандардың назына жауаптылардың айтар уәжі де жоқ емес. «Жаңа көлік алып, кредиттен бас көтере алмай қалдым дегендердің сөзі жалаң, қағаз жүзінде ғана. Формально бар көлік, фактический жоқ»- дейді Жұматаев мырза.

Сонымен жолаушылар тасымалы сапасын арттырып, қауіпсіздікті қатаң қадағалауды мақсат еткен бұл жиынның қорытындысымен арнайы комиссия құрылып, құзырлылар жауапты бөлім қызметін жіті тексеретін болды. Тасымалдаушы мен тапсырыс берушінің текетіресіне нүкте қояр шешім де алыс емес.