Қырғызстан табиғатын таныстырған көрме

658

Оңтүстікте Қырғызстан Республикасының халықаралық дәрежедегі белгілі суретшісі Жолдошбек Қазақбаевтың жеке шығармашылық көрмесі өтті. «Менің жүрегім тауда» деп аталатын көрмеге пейзаж саласы шеберінің түрлі бағыттағы туындылары қойылған. 

Ерекше қолтаңба иесінің әсіресе Қырғыз елінің табиғатын таныстыратын картиналары келушілерді керемет әсерге бөледі. Мұнда қойылған әрбір еңбек айрықша көркем бейнеленген. Оның сыры өнер иесінің әр туындысына бейжай қарамауында.

«Тамаша табиғаттың сұлулығын халыққа шынайы жеткізе білу үшін тау-тасты кезіп кетемін», – дейді суретші. Ал, көрмені тамашалауға келгендер мұнда қойылған суреттердің бояуы да ерекше екендігін айтады. Бұл да болсын өнер иесінің ерекшелігі болса керек.

Екі ел бауырластығын нығайтуға мақсатында өткізілген іс-шараға облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан арнайы қатысып, қылқалам шеберіне құрмет көрсетті. Қазақи дәстүрмен иығына шапан жауып, марапаттады. Айта кетейік, бұл Жолдошбек Қазақбаевтың өңірімізде өткізілген алғашқы көрмесі.

Жолдошбек Қазақбаев, суретші: «Мені ерекше ықыласпен қарсы алған оңтүстік өңірінің халқына айтар алғысым шексіз. Өзіңіз көріп тұрғандай келушілер де көп. Басым бөлігі осы салаға қызығушылық танытатын жастар екен. Мен соған қатты қуандым. Толқып та тұрмын. Маған көрсеткен құрметтеріңізге тағы да рахмет».