Шымкенттегі темір жол вокзалын төтеншеліктер неге қоршауға алды?

467

Төтеншеліктер ауқымды өрт тактикалық оқу жаттығу шарасын ұйымдастырды. Мұны өткізу үшін бұл жолы «Шымкент» темір жол стансасы таңдалып алынды. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару тәсілдерін меңгеріп, дайындық шараларын пысықтады. Оқу жаттығуға 100-ден аса адам мен оншақты техника жұмылдырылды.

Сценарий бойынша өрт оқиғасы стансаның екінші қабатындағы кассалық бөлімдердің бірінде орын алды. Жалын кеңге жайылып, өмірі мен денсаулығына қауіп төнгелі тұрған халыққа өрт сөндіру қызметінің арнайы жасағы көмекке келді. Төтеншеліктер тез арада тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Оларға темір жолшылардың арнайы техникалық бөліміндегілер де қолғабыс жасады.

Қуаныш Арсланов, ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті ЖҚБ бөлімі басшының орынбасары: «Шымкенттегі темір жол вокзалын тәулігіне 5-6 мың адам келіп кетеді. Егер өрт бола қалған жағдайда адамдарды тез арада қауіпсіз жерге көшіріп, өртті тез арада өшіруіміз керек. Сол үшін бүгін қалай әрекет ету схемасы бойынша жаттығу өткіздік. Оқ-жаттығуға 6 өрт сөндіру көлігі, екі автосаты, 55 қызметкер тартылды».

Мұндай оқыс жағдайларға воказал қызметкерлері де дайын болуы тиіс. Бұл оқу-жаттығуда 40 теміржолшының тактикасы сыналды. Олар эвакуациялық орындарды дайындап, халықтың қауіпсіздігін қамтамассыз етті.

Төтеншеліктер оқыс оқиғаға дайындақтарын әлі де пысықтай түспек. Жыл соңына дейін осындай оқу жаттығу шаралары үш рет ұйымдастырылатын болады.

Мақпал Рысбаева