Табиғатты аялауға үндейтін шара

1057

«Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы АҚШ-тан бастау алып, әлемнің көптеген елдерінде 1990 жылдан, ал Қазақстанда 1996 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Акция 2 айға созылады. Бұл акцияның басты мақсаты — табиғатты қорғауға көңіл аударатындай мәселелер көтеріп, қажетті ақпараттар легімен таныстыру.

Өңірімізде де атаулы шара жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Оған облысымыздағы табиғи парк қызметкерлері белсенді түрде қатысады.

«Тіршіліктің тірегі сен – Жер ана». Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы биылғы «Парктер шеруі – 2018» республикалық акциясын осылай атапты. Шараны Шымкенттің саябағында өткізген табиғат қорғаушылар тұрғындарды, әсіресе, жастарды экологиялық сауатты болуға, табиғатта демалу, оны қорғау мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Расында бүгінде табиғат қорғау мәселесінде олқы түсіп тұрған жақтарымыз аз емес. Табиғат аясына демалуға шыққанда айналаны ластап, қоқысқа толтырып кететіндер баршылық. Сондықтан да мектептерде экологиялық сабақтарды көптеп өткізіп, оқушыларды табиғатты аялауға үйретудің артықшылығы көп.

Бүгінде ОҚО-да орман қорының жері шамамен 3 млн. гектардан астам аумақты алып жатыр. Оның 500 мың гектардан астамы – ерекше қорғалатын аумаққа жатады. Бір ғана Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағында жабайы аңдар мен «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың ондаған түрлері мекендейді. Құстардың 30-дан астам түрі бар.

Табиғаттың берген сыйын аялап, оны барынша қорғауға үндеген экологтар мен парк қызметкерлері жиналғандардың әрбіріне алдағы көктем-жаз айларында – демалу кезеңінде мән беруге тиіс тұстарды түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізді.