Өзбекстандағы коммуналды қызмет тарифі Қазақстаннан 3-4 есе арзан

707

Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тауар өңдеу саласын да дамытуы керек. Сонда ғана Өзбекстан Республикасынан импортталатын тауармен бәсекелесуге болады. Бұл туралы Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына сапары барысында өткен Өңірлік кеңестің отырысында айтылды. 

Жылдан жылға көршілес елден келетін импорт көлемі артып келеді. Былтыр Оңтүстік Қазақстанға Өзбекстаннан 370 млн. доллардың тауары кіргізілсе, бізден 250 млн. доллардың тауары шығарылған. Айырмашылық 120 млн. долларға жетіп отыр. Оңтүстік көршімізге минералды-энергетикалық тауарлар, азық-түлік пен құрылыс материалдарын сатамыз. Бірақ, о жақтан алатынымыз тіпті көп.

Асқар Әбубәкіров, ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры: «Өзбекстанмен арадағы өткен жылғы экспорт және импорт көлемін 2016 жылмен салыстыра қарасақ, біраз өзгерістердің болғанын көреміз. Яғни, экспортталатын бидай ұнының көлемі 7,2 пайызға төмендеген. Бидай экспорттау да 13 пайызға азайған. Бізде шығарылатын трансформаторларды сату 22 пайызға қысқарды.  Өзбекстаннан келетін құрғақ жемістердің көлемі 39 пайызға, тоқыма өнімдері 39 пайызға артты. Тыңайтқыштардың импорты 68 пайызға өскен. Өзімізде кілем шығаратын екі фабрика болғанымен де Өзбекстаннан Қазақстанға кіргізілетін кілемдердің мөлшері 40 пайызға ұлғайды».

Палата өкілдерінің айтуынша, Өзбекстанмен арадағы шекара ашылғалы бәсекелестік күшейді. Бұл тауардың өзіндік құнына да қатысты болып отыр. Өткен жылы палата тарапынан ауылшаруашылық өнімдерінің құнына талдау жүргізіліпті.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары: «Өзбекстанмен арадағы шекара ашылғаннан кейін, екі елдің дихандары шығаратын өнімнің өзіндік құнын салыстырдық. Сонда мынадай айырмашылық байқалды. Біздегі электр қуатының бір киловаты 28 теңге болса, Өзбекстанда 8 теңге. Судың бір текше метрі бізде 50 теңге тұрса, ол жақта 15 теңге. Газдың бір текше метрі бізде 36 теңгеден сатылса, Өзбекстанда 11 теңге. Еңбек күші бізде 85 мың теңге тұрса, о жақта екі есе арзан. Міне, содан келіп бір келі қызанақтың бағасы Қазақстанда 270 теңгеге түседі. Өзбекстанда 180 теңгеге шығады».

Мұны естіген Тимур Құлыбаев бұл туралы ойлану керектігін, сол үшін де қазақстандық кәсіпкерлерге қолдаудың қажет екенін айтты.

Тимур ҚҰЛЫБАЕВ, «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының төрағасы: «Көршілес елмен қарым-қатынасымыздың жақсарғаны қуантады. Тауар айналымы да ұлғаяды. Осындайда жергілікті кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетуіміз қажет. Қандай қолдау көрсететінімізді қарастыруымыз керек. Электр қуатының, газдың құны реттелетін баға. Оларды қазір төмендете алмаймыз. Оның бағаларын табиғи монополияларды реттеу агенттігі қадағалайды. Сондықтан да мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтік қолдауды реттеуіміз керек. Ал Өзбекстан ашық экономикаға өтіп, нарық ашылғаны себепті алдағы уақытта о жақта да баға өседі. Бірақ, мына слайд Өзбекстандағы бағаның қазіргі жағдайын, олардың тауары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр».

Өңірлік кеңес отырысының соңында Палата өкілдері мен облыс әкімдігі бәсекеге шыдас беру үшін жұмыс тобын құратын болды. Жұмыс тобы аймақтың даму картасын қайта қарап, өңдеу, өнімді сақтау және сату бойынша кәсіпкерлерге қандай көмек қажет екенін зерттеп, талдайды.

Жәнібек Нұрыш