Анарбек Орман: Келешекте Шымкентте ауыз су тарифі төмендеуі мүмкін

893

Ауыз су тарифі қазір қымбаттағанымен, келешекте арзандауы әбден мүмкін. Бұл туралы ашылғанына 20 жыл толған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС ұйымдастырған «Елді мекендерді ауыз су және су бұру жүйелерімен қамтамасыз ету. Өзекті тиімді шешімдер және технологиялар» атты ғылыми-техникалық конференцияда айтылды. Жиынға алыс-жақын шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген су арнасы мамандары қатысты. 

Қала жұртына тіршілік нәрін беріп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылы құрылды. Сол кездегі Шымкент «Су арнасы» басқармасының қызметін жалғаған серіктестік осы күнге дейін талай-талай белестен өтті.

Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бақылау кеңесінің төрағасы:

«Тұтынушыларға су есептегіш құралдарын орнатуды 1998 жылы бастадық. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 100 пайызға орындалды. Оның үстіне 20 жылдың ішінде 900 шақырымға жуық тозған су жүйелері, 200 шақырымға жуық кәріз құбырлары жаңартылды. Осы уақытта 21 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 10 млрд. теңгеге жуығын Еуропалық қайта құру және даму банкінен 10 жылға несие ретінде алып, жұмыс жүргіздік».

Барлық технологиялық процесті заманауи қондырғылармен алмастырып, дамыту тариф мөлшеріне де әсер етіп жатыр. Төрағаның айтуынша, мұндай өзгеріс инвестиция тарту үшін қажет.

Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бақылау кеңесінің төрағасы: «Орынсыз шығынды жұмсау үшін инвестиция салу қажет. Одан кейін барып, инвестиция нәтижесін береді. Енді тарифті жылдан жылға қашан ретке келтіргенше өсе береді деген дұрыс емес. Бірден ақша құйып, содан кейін өзінің тиімділігін, ұтымдылығын пайдалана білсек, келешекте тарифтің төмендеуі де мүмкін».

Бүгінде 1200-ге жуық адам еңбек ететін кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алып келеді. Осылайша жаңа жобаларды жүзеге асырып, судың сапасын әлемдік стандартқа жеткізді.

Агрис Прейманис, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры: «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясы расымен де тек Қазақстанда ғана емес, осы Орталық Азия аймағында алдыңғы қатарда. Біз мұны эталон деп есептейміз. Су арнасы компаниялары осындай болуы қажет. Біз банк ретінде осы Шымкенттегі компанияны мысалға келтіреміз».

Еуропалық банк кәсіпорынға бүгінге дейін 9 млрд. теңге несие берген. Бұл қаржы есебінен жұмыс процесіне цифрлы технологияға көшірілген. Қалалық шайынды суларды тазарту кешенін толық заманауи поляк елінің қондырғыларымен алмастырған.

Және кәріз суларынан биогаз өндіріп, одан жылу және электр энергиясын алу кешенін іске қосылды. Ескі құбырларды жаңартып, кәріз суларына коллекторлар орнатқан. Осылайша банктен төрт траншпен қаржы аударылған. Серіктестік қаржы институты алдындағы барлық шарттарын орындап келеді. Енді бесінші транш қаржысы игеріліп жатыр екен.

Жанатбек Тұрдалиев, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бас директорының экономика жөніндегі орынбасары: «Мына біздегі су құбырларының ең ескіргендері әлі де болса жоғары деңгейде. 36 пайызды көрсетіп отыр. Сол 36 пайызды азайтуымыз керек. Себебі қаламыз күннен күнге кеңіп келе жатыр. Соған байланысты су тұтыну көлемі арта түседі. Оны тиімділігін арттырып, қаланы сапалы ауыз сумен ұдайы қамтамасыз ету үшін ескірген құбырларды ауыстыруымыз қажет. Біздің бірінші мақсатымыз осы».

Компанияның осындай елеулі жұмысын облыс әкімдігі де елеусіз қалдырмады. Кәсіпорын басшылығына алғыстарын білдіріп, марапаттады.

Жәнібек НҰРЫШ