Бизнес-бикеш байқауы ұйымдастырылуда

744

Бизнес-бикештер байқауы. Жуырда күнгейлік кәсіпкер ханымдардың табысты һәм үздіктері анықталмақ. Ол үшін арнайы іріктеу кезеңі ұйымдастырылып отыр. Түрлі сыннан сүрінбей өткен кәсіпкер келіншектер Астанада өтетін байқауға қатысатын болады.

Бүгінде кәсібін де, нәсібін де осы саладан тауып, бағы жанған бұрымдылар аз емес. Олардың еңбегін елеп, елге таныстыру жағы кемшін түсіп жатқанын жоққа шығар алмаймыз енді. Байқаудың басты мақсаты да осы. Кәсіпкер келіншектердің атқарып отырған тірлігін елге таныту. Өңіріміздегі байқау 5 мамыр күні өтетін болады.

Сәуле Қайсар, жоба жетекшісі: «Бизнес леди Қазақстан» байқауы елімізде алғаш рет өткізілгелі отыр. Жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, қоғамға пайдасын тигізіп отырған кәсіпкер ханымдарыдң барлығы да құрметке лайық. Біз осындай іскер әйелдердің жұлдызын жақпақпыз. Петропавл, Ақтөбе қалаларында өтті байқау. Енді Шымкентке келіп отырмыз. Байқауға қатысып, бағын сынағысы келетіндер көп болады деген ойдамыз. Кәсіпкерлік саласында тер төгіп, бір ұжымды басқарып отырған ханымдардың талантты болмауы мүмкін емес. Сондықтан да оларға өз өнерін ортаға салуға мүмкіндік берілмек».

Бәсекелестіктің бәсі артып тұрған шақта нарықта ойып тұрып орын табу оңай емес. Дегенмен еселі еңбегінің арқасында өз атын брендке айналдырған арулар аз емес. Көпке үлгі, кейінгілерге өнеге болатын іскер аруларды насихаттаудағы басты мақсат та сол. Кейінгі жас толқынға үлгі ету. Бұл жобаны дәл осы саладағы алғашқы қарлығаш десе де болады. Байқауда бағы жанғандарға одан әрі ісін ілгерілету үшін инвесторлар көмекке келмек.

Лейла Бердалиева, Байқаудың атқарушы директоры: «Менің міндетім қатысушыларды байқауға дайындау. Олармен стилистер жұмыс істейді, шығармашылық, актерлік шеберліктен сабақ алатын болады. Қатысушылар өз өнерін көрсетуге де мүмкіндік алмақ».

Күнгейде кәсіпкер келіншектер көп. Байқауға қатысып бағын сынаймын деушілерге мархабат. Еңбекқор, талмай талаптанғыш күнгейлік кәсіпкер ханымдар Астанада өтетін басты байқауда бас жүлдені қанжығаларына байлап жатса таңқалмаймыз. Өйткені еселі еңбек ел алғысымен өлшенбек. Ол жағынан алғанда қамшы салдырмайтындары көп.

Гүлжан Көшерова