Күнгейде Елбасы мақаласының жылдық жоба-жұмысы қорытындыланды

475

Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына – 1 жыл. Айтулы датаның құрметіне орай, бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев көпшілік алдында 365 күнде атқарылған ауқымды жобаларды айтып, игі жұмыстарды саралады. Есеп берді. Келелі жиынға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, еліміздегі ғалымдар, қаламгерлер мен журналисттер және өңірдегі зиялы қауым өкілдері шақырылған. Басқосудың басты тақырыбы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 365 күн бойы атқарылған тірлік! Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы алдымен жыл ішінде Елбасы тапсырмасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының аясында атқарылған ауқымды жұмыстарды жіліктеп, жіті таныстырып, қорытындылады.«Ұлт тарихындағы Ұлы белес» тақырыбы аясында өрбіген келелі жиында, дәлірегі ұлттық таным-тыныстың ұлықталуына бағытталған отырыста күнгейдегі жоба-жұмысқа көзқарасын білдіріп, қоғамға бағасын берушілер де табылды.

Еске салайық, өңірімізде жыл ішінде «Туған жер» арнайы жобасы бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған-ды. Мәселен, Шымкент қаласында құны 300 млн. теңге болатын «Қос ана» балабақшасы, Бәйдібек ауданында 340 млн. теңгеге «Домалақ ана» кесенесін абаттандыру жұмыстары мен кесене жанынан конақ үй салынды. Ал Отырар ауданында этно-ауыл, «Ардагерлер» саябағы салынса, Ордабасы ауданында қайырымдылық көмек көрсетілген.

Бұдан бөлек, облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, таратылған. Патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен бірқатар анимациялық фильмдер де көпшілік назарына ұсынылды. Ал өңір басшысы күнгейдле туризмді дамыту үшін қазыр тың жобалар жасалып жатқанын марқая мәлімдеді.

Айта өтейік, жыл бұрын облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы өңірлік жобалық кеңсе қызметін бастады. Арнайы кеңсе ықпалымен бүгінде 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру, насихаттау шарасына 1 миллионнан астам адам қамтылыпты.