«Оңтүстік цирк» мекемесіндегі мазмұнды қойылым. Сайқымазақтардың бұл жолғы көрінісіне қызылды-жасылды жарқыраған ойыншықтар емес, кәнігі кіртасы арқау болды.
Мұның себебі де жоқ емес. Өнер иелері келген көпшілікке — аға буын мен бала көңілдің алдында балуандардың биігі мен күш атасы — Қажымұқанның ерлігін етене дәріптеді. Сондай-ақ, цирк сахнасына бүгінгі жас алыптар шығып, қиын қозғалыстармен өзара салмақтарын көтеріп, күш-қауқарларын сынап көрді.
Нұрлан Қажымұқан, Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі: «Тапқан-таянғанын көпке беріп, халыққа қарасты. Жанашырлығын сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес шығар, сірә?! Тіпті науқастанып келген жандарды емдейтін де ерекше қасиеті болған. Сондықтан болса керек, әлі күнге атамның кесенесіне барып, зиярат етіп, құран бағыштап, сол маңайға түнеген отбасы бақытқа кенеледі. Балаға зәру жанұя балалы болады, яғни бала көтеріп, жүкті болып оралады екен. Естіп, біліп, қуанып қаламыз».
«Ұлы дала ұрпағы» жобасы аясында Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі де көпшілікке жәдігер-бұйымдарын ұсынып, балуанның өзіне тиесілі жеке дүниелерін таныстырды. Жерлестеріміз құжаттары мен қолданған заттарын да көруге мүмкіндік алды.
Айта өтетін ақпарат, Қажымұқан 1948 жылдың 12-тамызында, 77 жасында, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылдық кеңесінің «Ленин туы» колхозында қайтыс болды. Ол өзінен кейін байлық та қалдырмады, шәкірт те дайындап үлгермеді.