Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл басқосудың ерекшелігі — қазақ мемлекеттілігінің тұтастығын сақтаудағы айрықша орын алатын Орбұлақ шайқасы жайлы халықаралық деңгейдегі ғылыми жиынның өңірде алғаш рет өтуі.
Пленарлық мәжіліске қатысқан модераторлар: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Б.Тұрғараев.Сондай-ақ, Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Э.Мусурманов, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Т.Абдырахманов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры А.Айталы, филология ғылымдарының докторы М.Мырзахметов және елімізге белгілі ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Орбұлақ шайқасының маңызына тоқталды.
«Елбасымыз «Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау қажет, сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың» деген болатын. Тарихта ерекше із қалдырған қазақ халқы үшін азаттық жолында Ұлы жеңістердің бірі және бірегейі – Орбұлақ шайқасы. Бұл – ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежіресінде ерлік пен қаһармандықтың және отаншылдықтың өнегесі болып айшықталып қалды. Бүгінгі ғылыми жиын Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіске 375 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр», — деді Ж.Қансейітұлы.
Ғылыми-теориялық конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов «Орбұлақ шайқасының әлемдік тарихи маңызы» атты баяндама жасады. Сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев «Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіс және рухани жаңғыру тарихи сабақтастығы», Самарқанд мемлекеттік университетінің профессор Э.Мусурманов «Самарқанд – Регистан әлемдік өркенниеттің алтын қазынасы. Жалаңтөс Баһадүрдің ерлік еңбегінің тарихи маңызы», И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Т.Абдырахманов «Қазақ-Қырғыз халқының ортақ жауға қарсы тұрып күресуінің тарихи маңызы. Қос батырлар Көтен мен Табай» тақырыбында баяндама жасады.
Айта кетерлігі, Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азаттық соғыстарының бірі. Бұл 1643 жылдың жазында Салқам Жәңгірхан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасындағы шайқас. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ жауынгерлері жоңғардың 50 мың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, 10 мың әскерін жойған. Кейіннен Жәңгірханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келіп, ойсыраған жоңғарларды кейін шегінуге мәжбүр еткен.
Басқосу соңында конференцияға қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, ғалымдар тарапынан жасалған ұсынымдар қаралды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі