Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткіші ашылды

2069

Қазақы рух. Қазақы өрлік… Қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде ерекше ескерткіш ашылды. Шымкент Ташкент тас жолының бойында алыстан менмұндалап көзге көрінеді. Ұлт болып ұйысқан елге рух беріп тұрғандай. Бұл қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын Орбұлақ шайқасының ұлы жеңісіне басшылық жасаған Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүр бабаларымызға арналған ескерткіш. Ізгілікті іс меценат Бекет Тұрғараевтың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

Қазақ елі үшін ерен ерлік көрсеткен Жалаңтөс бабаның елдікке үндеген ірі іс-қимылдары жылдар тасасынан жаңғыруда. Кешегі өткен тарихта ерекше із қалдырған қазақ халқы үшін азаттық жолында Ұлы жеңістердің бірі және бірегейі – Орбұлақ шайқасында ел үшін, жер үшін аянбаған баһадүрлердің ұлы ісін ұрпақтары ұлықтады.

Бекет Тұрғараев, Қоғам қайраткері: «Салқам Жәңгір хан және Жалаңтөс Баһадүрге арнап батыр бабалар мемориалдық кешенін тұрғыздық. Халық өзінің тарихы қандай, жұрты қандай болғанын түйсінуі керек. Алдағы уақытта осындай игі істер жалғасын таба береді деп ойлаймын. Ел болғаннан кейін елдің игілігіне көңіл бөлу тек мемлекеттің ғана емес жекелеген азаматтар да өзімнің перзенттік парызым, қарызым деп түсінуі керек».

Орбұлақ шайқасы қазақ тарихында ерекше орын алады. Бұл 1643 жылы Салқам Жәңгірхан басқарған қазақ жауынгерлері мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасындағы шайқас.

Қазақ жауынгерлері жоңғардың 50 мың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, 10 мың әскерін жойған. Кейіннен Жәңгірханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келіп, ойсырата жеңген. Қазақ тарихында сүбелі үлесі бар қос тұлғаны қалай ұлықтасақ та жарасар.

Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары: «Бұл ескерткіш екі ірі тұлғаның қатар тұрған көрінісі. Екеуі де ұлы тұлға. Екі тұлғаға арналған ескерткіш қасиетті Қазғұрт тауының етегінде орналасуы бұл бірлікке қызмет жасайды. Бұл бабалардың арманының іске асқанының көрінісі. Осы шаруаның бәрін ұйымдастырып жүрген Бекет Тұрғараұлына алғысымыз шексіз. Ол азамат күн түн демей өзінің жанқиярлық еңбегімен осындай керемет ескерткіш жасап, төбенің басына үлкен саябақ жасап халықтың демалатын орнына айналдырып халықтың ықыласына бөленіп жүрген азамат».

Ер есімін елі ескеріп, айбынды ескерткіш орнатты. Айналасы саябаққа айналып, ел игілігіне жарауда. Қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев сынды әр азамат өз туған жеріне осындай тарту жасаса артықтық етпесі анық. Рухты көтеретін, қазақтың ұлы халық екендігін сезіндіріп алыстан көзді арбайтын алып ескерткіш расында керемет соғылған. Рухыңды көтеріп, намысты қамшылайтындай…

Гүлжан Көшерова