ОҚО әкімі «Туған жерге тағзым» атты конференцияға қатысты

756

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Атбұлақ ауылындағы Ж.Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика – математикалық мектеп – интернатында «Туған жерге тағзым» атты конференциясы өтті. Аталған шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысты.

Мектептің материалдық – техникалық оқу базасымен танысудан бастаған аймақ басшысы оқушыларды сапалы білім алып, ел абыройын асқақтататын азамат болуға шақырды.

«Елбасымыз еліміздің жастары білімді де, білікті болуы керектігін үнемі айтып келеді. Президент осыған байланысты тиісті тапсырмалар беріп, азаматтардың білімін арттыруға барынша жағдай жасауда. Қазір сіздер оқып келе жатқан соңғы үлгідегі білім ошағы соның дәлелі. Ал, мұндай мектепте нашар оқудың өзі ұят. Сондықтан жоғары деңгейде білім алып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азамат болып өсулерің керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Аталған білім ошағы 2007 жылы Елбасының «Дарынды балалар үшін мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету» туралы өкімі негізінде құрылып, ғимараты 2014 жылы пайдалануға берілген. Қос тілде оқытатын мектепте бүгінде 330-ға жуық оқушы білім алып келеді.

Білім ошағы информатика, мультимедия, физика, химия пәндеріне арналған 40-қа жуық сынып бөлмеден бөлек, АКТ, спортзал, кітапхана, және асханамен қамтылған. Білім ұясы әрбір оқушының жеке ерекшеліктеріне қарай қабілеттерін дамыту, сол арқылы баланы шығармашыл тұлға етіп қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, Ж.Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика – математикалық мектеп – интернаты 2017 жылдың ҰБТ қорытындысы бойынша республикадағы жоғары көрсеткіш көрсеткен мамандандырылған білім беру ұйымдарының алғашқы ондығына енді. Сондай-ақ, «2017 жылдың үздік мектебі» облыстық номинациясын жеңіп алған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі