Саз колледжінің студенті Италияны бағындырды

616

Жерлестеріміз жеңіспен оралды! Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің жүлдеқоры — 23-ке толықты. Дәлірегі, оқу орнының студенттері республикалық «Жас екпін-2018» және «Piano fest Алматы» пианистер байқауында топ жарды.

Астанада өткен ХХХІХ жас орындаушылар байқауында да лауреат атанып қайтты. Сондай-ақ, колледжің 2-курс студенті Жанель Смайл Италияның Рим қаласында өткен халықаралық «Primavera Romana» атты айтулы өнер жарысында жеңістің төрін бағындырып, 2 — ші орынды еншілеп келді. Төрткүл дүние тәнті болған жас таланттарды және үздік шәкірт тәрбиелеген педагогтарды бүгін білім ордасының басшылығы да құрметке бөлеп, алғыс хаттарын табыстады.

Балжан Талғат, «Жас екпін-2018» республикалық байқауының ІІ орын иегері: «Өте қуаныштымын! Бастысы, Оңтүстікке абыроймен оралып отырмын. Расында, дәстүрлі ән айтқанда бойымды ерекше рух билеп, тебіреніп кетемін. Бұл — менің өнерге, халқымыздың қазынасына деген шексіз сүйіспеншілігім болса керек. Жеңіске жетуімнің бар құпиясы да осы».

Мәдени шара аясында жеңімпаз студенттер айтулы байқауларда жеңістің төрін сыйлаған тұщымды туындыларын орындап, ұжымға құрметін білдірді. Жеңісті әсерімен бөлісті. Айта өтетін ақпарат, биыл Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің қызметін бастағанына — 60 жыл толып отыр. Бүгінде оқу орны Ел аумағындағы үздік өнер колледждерінің үштігіне енген. Қазір мұнда 465 студент білім алады. Бұл үшін білім ордасында білікті 145 педагог еңбек етеді.