Жерлестеріміз жеңіспен оралды

377
Аян Төлеген

Оңтүстік Қазақстан облыстық саз колледжінің студенттері жеңіспен оралды. Республикалық жас орындаушылар арасында өрбіген сайыста өнерлі шәкірттер 1 бірінші, 3 екінші және 3 үшінші орынды қанжығаларына байлап келді. Астана қаласында өткен байқауға еліміздің 16 бірдей қаласынан тек талантты жастар жолдама алған.

Аян Төлеген
Аян Төлеген

Аян Төлеген респбуликалық байқауға 3 ай бойы дайындалған. 19 жасар өнер иесі бүгінде саз колледжінің ІV курс студенті. Академиялық ән салу мамандығын меңгеріп жүр. Биыл оқу орнын тәмамдайды. Өнер бәсекесінде жерлесіміз 13 бірдей үміткермен таласқа түсіп, бірінші орыннан көрінді.

Аян Төлеген, республикалық жас орындаушылар байқауының 1-орын иегері: «Әрине, өте қуаныштымын. Сайыстың алғашқы күнінде сахнаға бірінші болып көтерілдім, аздаған қобалжу сезімдері болды. Себебі «Алғашқы арбаның жүгі ауыр» дейді ғой, бірақ, ұстаздарым маған сенім артып, демеп отырды. Байқауға бар өнерімді салып, үлкен жауапкершілікпен қатыстым. Бірінші орын деп жариялағанда сенер-сенбесімлі білмедім. Алдағы уақытта Астана қаласындағы оркестрде қызмет етсем деп армандаймын».

Ал Виктория Хонның жасы небәрі – 16-да. Ол І курс студенті. Жас өнерпаздың альт сазды аспабын меңгеріп жүргеніне биыл бірінші жыл. Викторияның республикалық жас орындаушылар байқауында 3-орынды жеңіп алуына оның альтта сағаттап отырып, қызыға ойнауы сеп болған.

Виктория Хон
Виктория Хон

Виктория Хон, республикалық жас орындаушылар байқауының 3-орын иегері: «Шынымды айтсам, байқауға дайындалу оңайға түскен жоқ, күн сайын дайындық, тіпті бос уақытымды да осы аспапта ойнап отырдым. Бір сөзбен айтқанда альтты үйрену, онда шебер ойнау жалқаулықты көтермейді, сәл қолыңа алмасаң болды пернелері жатырқай бастайды. Ал сайыста классикалық шығармаларды орындадым, қарсыластарым да осал болмады, бірақ мен күйді жүрегіммен сезіне тарттым».

Айта кеткен жөн, республикалық жас орындаушылар арасындағы байқау биыл 36-шы рет қолға алынды. Ұйымдастырушылар жыл сайын еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын жастардың кәсіби дайындығы мен дарындыларды анықтап келеді.

Анығырақ айтсақ, үміткерлер «Аспапта орындаушылық және музыкалық эстрада өнері», «Хорда дирижерлік ету», «Домбырамен халық әндерін орындау», «Музыка теориясы» секілді аталымдар бойынша бақтарын сынайды. Биыл біздің жерлестеріміз жүлделі орындарды академиялық ән салу, хор дирижері және альт-скрипка номинациялары бойынша еншілеген.

Хадмат Ибрагимов, хор дирижерлеу пәнінің мұғалімі: «Лауреат және жеңімпаз атанған студенттер жоғарғы оқу орнында тегін оқиды. Оларға грант жеңілдіктері қарастырылған. Бұдан бөлек колледжде де көптеген пәндердегі сынақтардан босатылады».

Жеңімпаз шәкірттер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар қазіргі уақытта үлкен ізденіспен шығармашылық кешке дайындалып жатыр. Жуырда өнерлі жастар саз колледжіндегі концерттік залдың ашылу салтанатына орай есеп беру кешін өткізбек.