Төртінші үшем…

696

Мақтаралдық келіншек үшемді дүниеге әкелді. Дәрігерлер өкпесі дұрыс жетілмеген нәрестелерді алдымен жансақтау бөліміне жатқызып, ерекше күтім жасаған. Шала туылған сәбилер салмақ қосып, бүгін перзентханадан шығарылды. Үш бірдей ұлды дүниеге әкелген бақытты ананың қуанышымен Мақпал Рысбаева бөлісті.

 

 

 

 

 

Бұл — Мүслім, Ислам және Имран атты атұстарлар. 25 жастағы Қарлығаштың бұл үшінші құрсақ көтеруі екен. 35 аптада, айы — күні толмай туылған сәбилердің салмағы небәрі 2 — 2 жарым келінің арасында. Бүгінде балаларын бауырына алып, төбесі көкке жетіп отырған жас ана жүктілік кезеңінің ауыр өткенін жасырмайды.

Тыныс алу жолдары дұрыс жетілмей туылған нәрестелердің үшеуі алғашында жасанды жолмен тыныстандырылған. Айы — күні жетпей туылған сәбилер 12 күн дегенде жетіліп, салмақ қосыпты. Ақ халаттылар балалардың бері қарауына анасының байсалдылығы да көп септігін тигізді дейді.
Перзентхана босағасын жағалаған туған-туыс үшемді бауырға басқанша асық. Айта кетейік, соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады екен. Осы уақыт ішінде 81 үшем туылды дейді дәрігерлер. Ал жыл басынан бері күнгей келіншектері 4 үшемді өмірге әкеліпті.