Биыл ОҚО-да менингиттен екі бала көз жұмды

502

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері төрт айда менингококк инфекциясын 4 адам жұқтырып, екі бала қайтыс болған. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.

Департамент басшысының сөзінше, жұқпалы дерттен көз жұмғандардың бірі 7 жасар бала. Ол Шымкент қаласының тұрғыны. «2011 жылы туған бала осы жылдың 5 қаңтар күні ауырған. Сол күні Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Алайда алған еміне қарамастан жағдайы нашарлап, 6 қаңтар күні түнде сағат 00.30-дар шамасында қайтыс болды. Онымен қарым-қатынаста болған 238 адам тексеріліп, тек әкесінен ғана аурудың қоздырғышы анықталды. Ол азамат ауруханаға жатқызылып, емделіп шықты», – деді Н. Нышанов.

Ал, менингиттен көз жұмған екінші бала небәрі 2 жасар болған. Тассай елдімекенінде тұрған бүлдіршін 28 сәуірде ауруханаға жатқызылған. Бірақ емдеуге кеш келгендіктен баланы дәрігерлер аман алып қала алмаған. Онымен 63 адам бақылауға алынған. 59-і балабақшаның тәрбиеленушісі болса, қалған 4-уі туыстары. Бірақ ешбірінен аурудың белгілері анықталмаған.

«Тағы бір жағдай Бәйдібек ауданында тіркелді. 21 наурыз күні осы аурумен ауруханаға 1987 жылы туған әйел жатқызылып, оған дер кезінде емдеу шаралары жасалды. Онымен қарым-қатынаста болған 8 адамның ешқайсынан жұқпалы ауру анықталған жоқ. Төртінші науқас Шымкент қаласына қарасты Сайрам тұрғын алабында тұрады. 1982 жылы туған жұмысшы азамат 14 мамыр күні менингококк инфекциясын жұқтырып, қазір ауруханада ем қабылдауда. Жақын күндері шығарылады деп күтілуде. Онымен қарым-қатынаста болған 5 адамның біреуінен, яғни қызынан аурудың белгілері анықталды. Оған да емдеу шаралары көрсетілді», – дейді департамент басшысы.

Нұрбек Нышановтың айтуынша, өткен жылы менингитті жұқтыру бойынша 12 жағдай орын алып, адам өлімі тіркелген. Ал, 2016 жылы 13 адам жұқтырса, 2015 жылы 32 адам ауырған. Оның 5-уі қайтыс болған.