Кәсіпкерлік куәлік алу уақыты қысқарды

901
Фото aikyn.kz

Бүгінде елімізде кәсіпкерлікке барынша қолайлы жағдай жасалуда. Қағазбастылықтан арылып, уақыт үнемдеудің тиімді тетіктері қарастырылуда. Енді бизнес ашу жеңілдемек. Оған egov.kz порталы арқылы қол жеткізуге болады. Кәсіпкерлер біріктірілген жаңа қызмет түрлері бойынша заңды тұлғаны тіркеу, банкте есеп шот ашу, сақтандыру келісімшартын бірден ала алады.

«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің жетекшісі Мұрат Жұманбайдың айтуынша екі күн ішінде яғни өтініш тастаған күнді есептемегенде кәсіпкерлер заңды тұлғаны тіркеу туралы мемлекеттік куәлік, банк есеп шотының нөмірін және бақытсыз жағдайлардан сақтану үшін сақтандыру компаниясымен қол қойылған келісімшартты алуға мүмкіндігі бар.

Әзірге екінші деңгейлі төрт банкте есеп шот ашуға болады. Ал үш сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасаса алады. Алдағы уақытта бұл тізім 9 банк және 4 сақтандыру компаниясымен толығуы мүмкін. Енді кәсіпкерлер бұрынғыдай сабылып, бір қағазды алу үшін бірнеше күн уақытын сарп етпейтін болады.