ОҚО өнерпаздары халықаралық байқауларда топ жарды

541

Оңтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары халықаралық байқауларда ел абыройын асқақтатты. Оқу жылы басталғалы өңіріміздегі саз колледжінің 109 шәкірті түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, қошеметке бөленді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің директоры У.Мажитов мәлімдеді.

Колледж директоры жыл сайын шәкірттерінің барлық деңгейдегі өнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп келе жатқанын айта келе биылғы жетістіктің ерекшеліктеріне тоқталды.

«Облысымыздағы саз колледжі – еліміздің мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген көптеген өнер майталмандарын түлеткен киелі шаңырақ. Осындай мәртебелі мәдени ошақтың шәкірттері жетістіктерімен әрдайым қуантып тұруды үрдіске айналдырған десем, артық айтқандық емес. Мәселен, 2017 жылы 118 оқушымыз конкурс жеңімпазы атанса, биылғы оқу жылында жүлдегерлер саны 109-ға жетті. Оның 64-і 2018 жылдың жетістіктері. Әлі оқу жылының аяқталмағанын ескерсек, биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткіземіз деген ойдамыз», – деді Улугбек Халматұлы.

Биыл Италияның Рим қаласында өткен «Primavera Romana» халықаралық байқауына Қазақстаннан қатысқан 7 оқушының екеуі оңтүстікқазақстандықтар. Сондай-ақ, Италияның Пезаро қаласында өткен XV «Cittadi Pesaro» халықаралық жарысқа еліміздің намысын қорғаған 8 өнарпаздың 2-еуі және Грузияда өткен «Ритмы весны — 2018» халықаралық байқау еліміздің атынан шыққан 3 өнерпаздың барлығы оңтүстіктен. Бұдан бөлек, саз колледжінің шәкірттері еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өткен түрлі деңгейдегі додаларда топ жарған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі