Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында 62 млн. АҚШ долларынан астам сомадағы 8 құжатқа қол қойылды.
Атап айтқанда, ОҚО әкімдігі өзбекстандық «Alliance textile» кәсіпорнымен Оңтүстіктегі тоқыма өнеркәсібіне инвестиция салу бойынша, ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы тоқыма кәсіпорындарын оңалту үшін «Оңтүстік» АЭА-ғы көрші елдің «Казтехинпекс» ЖШС-мен, сонымен бірге медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге арналған зауыт құрылысын салу бойынша облыс әкімдігі мен өзбекстандық «Дентафиль плюс» компаниясы арасында меморандум түзілді.
Сонымен бірге Шымкент қаласындағы барша жасыл технология саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Шымкент қаласы әкімдігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасында серіктестік туралы келісімге қол қойды. Бұдан бөлек, екі елдің 8 кәсіпкерлері арасында экспортқа арналған өнімдерді жеткізу туралы шарт жасалды.
Айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында іскерлік қарым-қатынасты дамыту мақсатында Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өткен болатын. Форум барысында алғаш рет Іскерлік Кеңестің бірінші кездесуі болып өтті. Форум жұмысына екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Өзбекстандағы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен 400-ден астам қос елдің кәсіпкерлері қатысты.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен форум барысында тараптар бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жайында ынтымақтастықты дамытуды сөз етіп, экспорт пен импорт бойынша үшінші елдерге кіру жайын талқылады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі