Отарда жауынгерлік парад өтті

784

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Отар» 40-шы әскери базасының аумағында ұйымдастырылған жауынгерлік парадтың екінші бөлімі ерекше өтті. Қазақстан әскері мен арнайы қызметінің әскери қызметшілері өз әлеуетін көрсетті, деп хабарлайды inform.kz.

Қарулы Күштердің арнайы мақсаттағы бөлімі мен арнайы операциялар күштері авиация, жауынгерлік техника, танктер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, ракета әскерлері мен артиллерия, сондай-ақ аумақтық қорғаныс құрылымының көмегімен заңсыз қаруланған құрылымдардың шартты базасын жойды.

Бірінші бөлімде заңсыз қаруланған құрылымдардың базалық ауданына барлау жасалды, кейін барлау мақсаттары бойынша авиация және ракета әскерлері артиллериясы жойқын соққы берді. Екінші бөлімнің нәтижесінде — «брондалған тактикалық топтардың шабуылы» көрсетілді, құрамында танктер, соғыс машиналары мен бронетранспортерлары бар тактикалық және мотоатқыш топтары шартты деп белгіленген қарсыластарға шабуыл жасады.

Үшінші бөлімде — аэроұтқыр десантының әуе-шабуыл әрекеті ұсынылды. Операция кезінде Қарулы Күштердің арнайы мақсаттағы және арнайы операциялар күші бөлімінің әуе десанты шабуыл, қону тәсілімен және фалмен түсуді көрсетті. Әрі қарай елді мекендегі қарсыластар қоршауға алынды. Мұнда оқ жаудыру арқылы қолдау көрсетінен ротаның әскери қызметшілері жұмылдырылды. Соңғы бөлімде заңсыз қаруланған содырлар базасы жойылды. Әскери әрекеттер шартты қарсыласты жою үшін парашютшілердің түсуімен аяқталды.

Парад бір сағаттан астам уақытқа созылды. Кейін көрермендер әскери техника көрмесімен танысты. Еске салайық, жауынгерлік парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ден астам әскери техника және 40-қа жуық авиация техникасы қатысқан болатын. Берілген тапсырмалар сәтті орындалды.

Елбасы — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев парадқа қатысушыларға алғыс білдірді.