Биыл Мақтаарал ауданында электр желілерінің жаңартылуы 40 пайызды құрайтын болады. Қазір энергетиктер жаңғырту жұмысын қызу жүргізуде. Бұл игі шара «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы арқасында мүмкін болып отыр. Халқы тығыз орналасқан Мырзашөл өңіріндегі тындырымды тірлікке біздің түсіру тобы да куә болып қайтты.
Биыл Мақтаарал ауданындағы жаңғырту жұмыстары наурыз айынан бастау алған. Энергетиктер үш айдан бері ескі ағаш бағаналарды жаңа темір бетондыға ауыстырып, желілерді жаңартып, трансформаторларды алмастырып жатыр. Халқы тығыз орналасқан өңірдегі 25 елдімекенді энергетиктер қамтып үлгермек.
Бұған қоса, биыл Мырзашөл өңірінде 13 су жаңа трансформатор орнатылған. Олардың барлығында да халық саны көбеюіне байланысты қуаттылығы арттырылған. Жергілікті жұрт мұндай игі шараның қалың қауым үшін жасалып жатқанына дән риза.
Өңірде биылға жоспарланған жаңғырту жұмыстары алдағы қазан айында аяқталады. Айта кету керек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і қолға алған инвестициялық бағдарлама 2022 жылға дейін жалғасын таппақ. Бұл инвестицияның игілігін облыстағы барлық аудан жұрты көретін болады.
Мақсат Жақсыбаев