Úı ANONS Баспана кезегі: Деректерді жаңартыңыз

Баспана кезегі: Деректерді жаңартыңыз

Шымкентте тұрғын үй кезегінде 92 мыңнан астам азамат тіркелген. Оларға кезең-кезеңімен пәтер беріледі. Бірақ, әрбір азамат өз деректерін жаңартып отыруы тиіс. Кері жағдайда кезектен қағылады. Бұл туралы қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Түлебаев мәлімдеді.

 

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 1500 — ден астам азаматты жалдамалы пәтермен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 425 азаматпен жалдау шарты рәсімделді. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері мен жетім балалар бар.

Қоғамда пәтер кезегіне қатысты сан түрлі әңгімелер тарап, көпшіліктің талқысында жүр. Тіпті әкімдікті жағалағандар да бар. Оларды толғандырған бір ғана сұрақ. Кезегіміз неге келмейді? Бұл сауалды басшылықта отырғандар жауапсыз қалдырмады. Айтуларынша, мәселе тұрғындардың өзінде. Өйткені, жеке бас деректерін жаңалап отырмайды екен.

КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А: «Бірінші кезекте әрбір азаматымыз отбасы банктің сайты арқылы өз жеке кабинетіне кіру арқылы, өз деректерін жаңарту керек. Әр түрлі жағдай болады. Ажырасып кетуі мүмкін. Қайтыс болуы мүмкін. Деректер жаңартылмаған жағдайда, екінші наурыздан бастап үлестірілмейтін болады деп Отбасы банк хабарлап жатыр. Түгендеуден өткен отбасылар ғана пәтер үлестіріледі деп шешім қабылданып жатыр».

Естеріңізге сала кетейік, үйлі боламын деген жандар үшін былтыр 500 млн теңге бөлінген болатын. Алайда, тұрғын үй сертификатына ниет білдерген 239 азаматтың 120 — сы ғана белгіленген талаптарға сай келген. Оларға 114 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары табысталды. Ал, игерілмеген қаржы қайта бюджетке қайтарылды. Биылда 150 ден астам адам баспаналы болу үшін алғашқы жарна үшін өтінім қалдырған. Бірақ, 42 азамат бұл мүмкіндіктен қағылды.

КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А: «Биылға да 2026 жылға да бұл бағытта тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған. Биылда 500 млн теңге қарастырылған. Ол 500 млн теңгенің қаңтар айының 21 нен бастап өтінім қабылдау басталған. Осы күнге дейін 111 азаматқа тұрғын үй сертикаты берілген».

Ал, «Жастар» бағдарламасы аясында былтыр мерзімі аяқталған 890 пәтердің 618-і босатылып, коммуналдық меншікке қайтарылған. Қалған пәтерледі босату бойынша сот органдарына талап-арыздар жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында «Отбасы банк» арқылы 515 азамат несиелік негізде тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Нұргүл Жолымбетова