Úı ANONS Аялдамаларды неге жаңарта береді?

Аялдамаларды неге жаңарта береді?

«Аялдаманы неге алмастыра береді? Бұл бюджет қаржысын желге шашу емес пе?». Соңғы кездері әлеуметтік желіде қала тұрғындары осы сауалды жиі қойып, жауап іздейді. Иә, Шымкентте жаңадан қосылған шалғай ауылдардың өзінде аялдама бар. Ал қалада ондай тұрақтар толық орналастырылған. Ал аялдамалардың жиі жаңара беретіні рас па? Бұл сұраққа мамандар жауап берді. 

Шымкентте қала аумағындағы 300 аялдама қайта жаңартылған. Кей тұрғындар тұрақты жылда ауыстырудың себебін түсінбейтінін айтады. Ал енді бірі мұны дұрыс көреді.

БЛИЦ: «Енді жаңалап тұрғаны да дұрыс деп ойлаймын. 1 жылдың ішінде орындықтар сынып қалады. Отырайын десең былқылдап тұрады. Оны қарап, жыл сайын жаңартып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын».

«Заманның талабы қажет етіп тұрса ауыстырғаны дұрыс. Бірақ әуелі дұрыстап ойластырып алу керек. Мысалы, мына аялдама өте әдемі. Бірақ көріп тұрсыз ғой, ашық.  Қыста адамдарға ыңғайлы емес деп ойлаймын».

Қаладағы аялдамалар әртүрлі. Бірі жаңадан салынған, енді бірі өткен жылы не алдыңғы жылы салынған. Кей жерлерде, тіпті қала орталығында автобустың жол белгісі болғанымен аялдама жоқ. Десе де қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегі бөлек. Басқарма мәліметінше, қалада 3 мыңға жуық аялдама бар. Мегаполисте тұрақтарды бір типке алмастыру 2021 жылы басталған. Өткен жылы 9 жүзге жуық аялдама бірқалыпқа келтірілген.

ДАРХАН ОСМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «2024 жылы біз 898 аялдаманы алмастырдық. Арнайы тип 20 тип 22 типқа алмастырдық. Бірі темір қаңқалы, бірі шыны. Биыл біз 300 қосымша аялдаманы аялдаманы күтіп-ұстау есебінен қойып жатырмыз. Оған арнайы ақша бөлінбеген. Неге біз қазір 300 аялдама қойдық? Жаңа ықшам аудандар, жаңа жолдар салынып жатыр. Және қалада қоғамдық көліктердің жүруі өзгеріп жатыр. Халықтан түскен өтініштермен арнайы әкімшілік полициямен барып, қажет болған нормативтерге сай қазіргі таңда 300 аялдама қойып қойдық».

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аялдамаларды ауыстырудың себебін бұрынғыларын заманауи талапқа сәйкестендірумен байланыстырады. Бұл жолаушыларға ыңғайлы деп сендіреді.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Талапқа сай, келе жатқан автобус көрінетіндей ар жағынан шыққан адам байқалатындай етіп салу туралы талаптарды орындау болуы мүмкін. Бұл – бірінші. Екінші, бізде біраз аялдамалар мемлекеттік жекешелік әріптестік бойынша сол жердегі адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін, сусын сату үшін, басқа да дүниелер үшін қазіргі таңда инвесторларға беріліп жатыр. Біздің тарапымыздан орнатылған аялдамалар сол себептен аялдамалар алынып, қала сыртындағы аялдамаға, шалғай аймақтағы аялдамаларға көшіріліп, мына тұстан біздің инвесторлар жаңа аялдама салып жатқан болуы мүмкін».

Ресми мәлімет бойынша, Шымкент қаласы аялдамаммен 100 пайыз қамтылған. Тіпті қалаға жаңадан кірген ауылдарға да толық қойылған.

Дилара Иса