Нармахан Бегалыұлы: Қарапайым жазғандардың бәрі атақты болып кетті

1145

Күнгейдің Нарқасқасы. Қарапайым бола алмаған ақын. Нарқасқа ақынның нақышы бөлек, бояуы қою. Өлеңдері тұнып тұрған лирика. Ордабасыны Ордабасы етіп танытқан, үш ел президентінің кездесуін Ордабасыда өтуіне мұрындық болған нар десе нар ақын… Көрнекті ақын, Константин Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлымен сұхбатымыз өткен мен бүгінді байланыстыратын өзекті тақырыптар хақында өрбіді.

– Сіз қазақ поэзиясына «табиғат жыршысы» деген атпен танылдыңыз. Мұның сыры неде?
– Біз – аспан мен жердің перзентіміз. Жер – ана, аспан – әке. Осы ата-ананың перзенттері: от пен су, жаңбыр мен қар, ауа менен жел болып келеді. «Солардың ұрпақтары кім» дегенде ол – аспан мен жердің перзенттері: көктем, жаз, күз бен қыс. Көктем – құлпыру, жаз – молшылық, күз – қурау, қыс – қытымырлық. Аптап пен аяз, ызғырық пен жел. Мұның барлығы аспан мен жер перзенттерінің мінез-құлқы. Мен «табиғат жыршысы болайын» деп алдыма мақсат қойған жоқпын. Бірақ осы құбылыстарды көріп жүрген соң қызығушылықтың туғаны рас. Жұрттың бәрі прозада болсын, поэзияда болсын бірінші болуға асығады. Орыстың үлкен ақындарының біріне «Сіз №1 ақынсыз» десе, ол соған иланып қалып, «Дааа, тяжела шапка Мономаха» деген ғой. Меніңше №1 жазушы, №2 ақын деген болмайды. Бұл футбол ойыны емес. Қаламгерлік деген футбол ойыны емес. Әркім өзінің ыңғайына қарай жүрегіне жаққанын жазады. Қазіргі атақ-сыйлықтары дардай, «атынан ат үркетін» деп жатасыңдар ғой, солардың біразы даңқ емес, дабыраға малданып жүргендер. Ертеректе бір жиналыста айтып едім: «Даңққа негізсіз иек арту, қорқыныштың биікке өрмелеуі құламай қалмайды». Біз даңқ пен дабыраны шатастырып, небір талантты деп жүргендер дабыраның құлына айналып, тіпті құрбандығы боп кеткенін көріп жүрміз…
Табиғат қанша мінез көрсетсін, онда жасандылық жоқ. Барлығы да шынайылық. Сіз бен біз өмір сүріп отырған Жердегі барлық құбылыстар «Алланың керемет шығармасы» деп есептеймін. Мен табиғатты жазғанда «Алланың жасаған керемет поэзиясын оқи алсам» деген ниетпен ғана жазамын. Оны дұрыс оқи алдым ба, жоқ па, ол да Алланың өзіне ғана аян…
Алла үш бірлікті сүйеді. Бұл адамның бірінші – ойы, ақылы, рухы. Осы үш бірлік таза болса, ауру сырқаудан аман болса, онда нағыз адамдық дәрежеге көтереді. Қазақ «ердің кезегі үшке дейін» дейді. Ол – ата-анаңыз, өзіңіз, одан кейін ұрпағыңыз. Сізге үш кезек берді. Одан кейін Алла Тағала үш кезең берді. Балалық, жастық, қарттық шағыңыз. Осы үшеуін қалай өткіздіңіз?! Адам тіршілік ету үшін Жаратушы тағы да үш нәрсе біріншісі ауа, екіншісі тамақ, үшіншісі суды жаратқан. Осыған көңіл бөле бермейміз. Денсаулықтан ертерек айырылатынымыз: осы үш нәрсені шатастырып алып, адасып жүреміз. Адам ауа жетпесе 6,5-7 минутта демі үзіледі. Таза су ішпейтін болса, тіршілік иесі 19-20 күнде өледі. Ал тамақ ішпей 150 күнге дейін өмір сүре береді… Үштік жүйені жаңылыстырмауымыз керек. Денсаулық – Жаратушының сізге берген аманаты. Біз Алланың аманаты түгілі адамның аманатына қиянат жасамаған халықпыз… Қазақтың 30 жасында қыршын кеткен ақыны Төлеген Айбергеновпен өте жақын араластым. Сырластым. Ол Сарыағаштағы кешкі мектептің директоры еді. Мен студент едім. Ақиық ақын жаңадан жазған өлеңдерін оқып беретін. Оның пайдасын өзі көрді, мен де көрдім. Көзі тірісінде үш-ақ жинақ шығарды. Төлеген менен басқа оқырман таппай қалған жоқ. Оның оқыған өлеңдерін мен сол сәтте-ақ өзіне жатқа айтып беретінмін. Сол үш жинаққа енген өлеңдерінің біразы бұрынғыша сарапшылардың, қазіргіше дарынсыз редакторлардың қолымен өзгертіліп кетті… Қазақтың «Ер кезегі үшке дейін» дегені «жығылып қалсаң үшке дейін күрес» деген мағынада емес. Ол Алла Тағаладан берілген үштік жүйені айтып келеді. Оны түсінбей, бетінен қалқып жүрміз. Осыны білетін болса, ұлттық мүдделерімізге сай келер еді. Ұлтымыздың пайдасына асар еді.

– Қазақ тарихында үш жүздің басы қосылған Ордабасы тауында 1993 жылдың мамырында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттерінің кездесуі өтті. Биыл сол кездесуге 25 жыл толып отыр. Сол кездерге оралсақ…
– «Ордабасыға оралу» дегенді көп айтамыз. Әр нәрсені өз орнымен айту керек. Бұл – Асқар Әлиханның сөз тіркесі. Әрине сол кезде Ордабасыға байланысты күрес жүргізіп жаттық. Шымкентке келгеннен кейін Асқар Әлихан «Наурыз» атты этнографиялық ансамбль құрды. Біздің Ордабасы күресін қолдау үшін ансамбльді Алматыға алып барып, Республика сарайында үш күнге созылған тегін концерт ұйымдастырды. Жұрт сыймай қалып, өтініш білдірген соң Абай ескерткішінің алдында «Ордабасыға оралу» атты кеш ұйымдастырды. Осыны кейбіреулер өзінің атына сіңіріп алғысы келеді. Айтып та, жазып та жүр. Атын айтпай-ақ қояйық. Іші сезер. Бірақ тарихи ақиқат ақиқат күйінде қалуы керек. 1990 жылдың мамыр айында «Ордабасыға оралу» деген атаумен Ордабасы тауында екі күнге созылған іс-шара, Темірланда үш күнге созылған ақындар айтысын өткіздік. Оған Қырғызстаннан, Өзбекстаннан айтыс ақындарын, өнер қайраткерлерін, цирк әртістерін шақырдық. Ұмытылып кеткен Қымызмұрындық мерекесін 36 киіз үй тіктіріп, қымыз-қымыран қойдырып, тұңғыш рет 1990 жылдары жаңғырттық. Ол кезде әлі Коммунистік партияның бар кезі. Ордабасының биігіне көтерілетін етегінде амфитеатр орнатып, Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасынан үзінді көрсеттік. Содан кейін әруақтарға бағыштап, ақбоз ат шалдырып, құран оқыттырдым. Облыстық партия комитетінің идеология бөлімін Нұрикамал Сейітжанова басқаратын. Облыстан бәрін шақырдық. Бірақ ол кезде бәрі көлеңкесінен қорқып жүретін. Нәзікжанды болса да Нұрикамал барды. «Ескілікті жаңғыртып жатырсың» деп мені партиядан шығаратын шығар, қызметтен алатын шығар» деп ойладым. Құран оқытпайтын заман ғой ол кездері. Нұрикамалға қарасам, ол да құранға бетін сипады. Содан кейін көңілім орнына түсті. Осылай басталған Ордабасы…
Ипподромнан аттарды жалға алдық. Ол уақытта «көкпар шаппасын» деп бәріне тыйым салған кез ғой. Жалға алған бір аттың құны 1 мың сом болды. Ол үлкен сома болатын. Бәйге ұйымдастырдық. Осының бәрі елге ұмытылып бара жатқан тарихын еске салайық деген тірлік еді. Бірақ бәрібір бұдан ештеңе шықпады. Күндердің күнінде партиядан ықпал кетті. Облыстың тізгіні С.Терещенконың қолына өтті. Табиғатымнан ұяң адаммын. Белсенділігім жоқ. Бірақ Ордабасыға келгенде әруақтар қолдады ма, маған белсенділік бітті. Ордабасының тасын алып, Ресейдің теміржолының табанына апарып төсеп жатқан. Мен содан үлкен саясат іздегенмін. Бір жиында сөйлегенімде маған С. Терещеноко: «Сен Нармахан «Ордабасы, Ордабасы» деп қоймадың ғой»,  уәж айтты. «Тас та керек алынатын. Сенің айтып жүргенің Ордабасының төбесіндегі үш бидің бас қосқан жері екен ғой. Біз төбеге тиісіп жатқан жоқпыз. Қоймайсың ба?» деді. Мен сонда С. Терещенкоға: «Мәскеудегі Кремль аман болсын деп, басқа жағының бәріне бомба тастай берсе не болады? Мен шырылдасам халқымның тарихына шырылдап жүрмін. Көз алдымда халқымның тарихы талқандалып жатқаны жаныма батады» дедім. Қуаныш Төлеметов қалалық кеңестің төрағасы еді. Жиын соңында Қуанышқа қарап «комиссия құрыңдар, қарайық» деді. Содан көп уақыт өтпей «тоқтату керек» деген шешім шығарды.

Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығы өтейін деп жатқан еді. О. Асанғазиева «сіз соған барасыз» деген соң билетімізді алып шығып келе жатқанымда С. Терещенко жолығып қалды. «Сені құттықтаймын. Сенің айтып жүрген мәселең шешілді. М. Горбачевқа «осы жерде қазақ мемлекетінің негізі қаланған жер екен. Жігіттер қоймай жүр» деп айтып едім. Шешілді» деді. КСРО-ның соңғы президенті Горбачевтің не кеңдігі, не жете мән бермеушілігі – «онда зауытты жауап таста» депті. 1992 жылы сол зауытты жаптырдық. Бұған дейін Бөген ауданының атын Ордабасы деп ауыстырдық. Аудандық газеттің бұрынғы атауы «Заря коммунизма» болатын. Сессияға қойып, атауын «Ордабасы оттары» деп өзгертуге ықпал жасадық. Ордабасы алаңы, «Ордабасы» футбол командасының аты аталды. Зауытты жапқанда кабинетіме келіп, столымды ұрып: «зауытты неге жаптырасың, бала шағамыз сол зауытпен күн көріп отыр еді» дегендер де болған. Мен «ата – бабаңыздың әруағын талқандап, күн көріп, нан жемей-ақ қойыңыз» дедім…
Үш жылдан кейін үш елдің президенті бас қосқан жиын мамыр айында өтті. Бұл туралы мәліметтер «Ордабасы» энциклопедиясында жазылған. Үш ел президенттерінің басқосуына мынадай себеп: Қостанайда 1992 жылы Ілияс Омаровтың 80 жылдық мерейтойы болды. Қонақ үйдің холлында отырғанымда Әбдіжәміл Нұрпейісов, содан кейін Баспасөз министрі Қуаныш Сұлтанов келді. Министрге үш жүздің басы қосылған Ордабасыда үлкен жиын өткізу керегін айтып, Президентке жеткізуін сұрадым. 1992 жылы көктемде жұрт «Төле бидің 330 жылдығын, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің мерейтойын өткіземіз» деп қозғала бастады. Кезекті жиында Президент: «Мұның бәрі де атап өтуге тұратын тұлғалар. Бірақ қиын-қыстау, жұртқа азық-түлік жетпей жатқан кезең. Біреуін өткізсек, біреуі өкпелейді ғой» депті. Сонда Қуаныш Сұлтанов: «Ордабасы – үш би бас қосқан жер, сонда тойласақ қалай болар екен…» деп жұқалап жеткізіпті… Соңында президент шешім шығарған. Үш президенттің басқосуы осылай болған. Осындай тарихы бар. Бірақ бүгінде мұны ешкім айтқысы келмейді. Тарихты бер жағынан бастап отыр. Адам баласына өкпелемейтін адам едім. Өйткені «өзгеге өкпелеген адам өзінің өзегін жейді» деген сөз бар. Мен өкпелемедім. Бірақ осынша еңбектің ескерілмегеніне кейде өкпелейсің де… Кеше Ордабасыда «Туған жерге тағзым» атты іс-шара өтті. Соған не әкімдіктің тарапынан, не ардагерлер кеңесі тарапынан шақырту болмады. Көңіліңе келе ме? Әрине…

– Аудандық газетте бас редактор болып талай жыл қызмет атқардыңыз. «Сол жылдары «Шығармашылығыма көңіл бөле алмай, қаншама жыл уақытым босқа кетті» деген өкінішіңіз жоқ па?

– Өкінішім бар. Бірақ өмірдің аты – өмір. Оқу бітірген соң мектепте орын болмады. Аудандық газетке бардым. Оның жанында жергілікті радиохабарларын тарату деген бөлім болатын. Пайыз Кәдеев ағамыз ұзаққа созып жүріп, зорға қабылдады… Әріптер қолмен терілген кездері түнімен жұмыс істеп, ертеңіне азанда үйге қайтатынмын. Сондай кезде адамнан қандай шығармашылық сұрайсың. Жұмыстың шығармашылығымды жеп қойғаны рас. Бірақ сонда да уақыт тауып жаздық. Өкініш емес, «тағдыр солай қалыптасты» дедік те қойдық.

– Бас редактор қызметінен өз еркіңізбен кеттіңіз бе?
– «Бір мекемеге кіріп, жұмысқа қабылданды» деп, «бір мекемеден шықты» деген бір ғана еңбек кітапшасымен жүрген адаммын. Кезінде Алматыға «Білім және еңбек» журналына, «Боевое знамя» деген журналдарға қызметке шақырды. «Пәтер береміз, барлық жағдайды жасаймыз» деді. Жалғыз кемпірдің баласы едім. Барлық өмірім Темірланда, бір мекемеде өтті. Зейнетке шыққанан кейін 10 жыл жұмыс істедім. Маған қарсы іс ұйымдастырғандар да болды. Қабілетің мен газетіңе қарап отырған ешкім жоқ. «Әйтеуір орнын босатсын» дегендер де болды. Әр нәрсенің шегі болады. Кетуіме тура келді. Әкімге кіріп: «жаңа киімге жамалған ескі жамауға ұқсамайын» дедім де кеттім. Бір ұстанымым болатын еді. Зейнет жасына жеткеннен кейін ақ үйді жағалап жүретіндер маған бір жексұрын көрінетін. Зейнеткерлікке шыққан соң ақ үйге де барған жоқпын, өзім 49 жыл қызмет еткен газеттің редакциясына да барған жоқпын.

– Бүгінде поэзияда аты танылып жүрген жастар көп. Прозада қалам тербеп жүрген жастардың қарасы тым селдір. Неге деген салмақты сауал туындайтыны рас…
– Жастардың прозасын көбірек оқи бермеймін. Бірақ жас деуге болмас, оның өзі қырықтан асып кеткен біраздары бар. Соның ішінде мөлтек әңгіме жазып жүрген Зылиха Жантасованың шығармалары ұнады. Аз жазады, саз жазады…

Поэзия мен үшін өте киелі ұғым. Поэзия прозашының қара сөзбен айта алмағанын айта алуы керек. Суретшінің суретке сала алмағанын адамдарға жеткізуі керек… Қазақтың Құдаш Мұхашев деген атақты ақыны болды. Атаққа да, даңққа да қызықпаған ақын. «Аманат» атты екі шумақтан тұратын өлеңі бар. «Эротикалық өлең» деп айтуға да болады. Бірақ өзіңнің туған қызыңның алдында да ұялмай оқи алатын өлең. Ауылда қалып бара жатқан зайыбына арналған өлең:
«Қайғы деп мұны сезінбе,
Жыл қосар әлі-ақ араны,
Аяулы сәулем өзіңде
Домбырам қалып барады.
Ілулі тұрсын тұсыңда,
Сүйесең кетер сырғанап,
Мен жоқта келген бір қонақ
Шертемін десе ұсынба…» дейді.

Міне, поэзия прозада айта алмайтын сөзді жеткізетін күш. Жас прозашылар түгілі кексе жазушылардың жазып жүргеніне көңілім көншімейді. Шеберлік жетіспейді. Көркем әдебиет деген тіркес қолданатынбыз. Кезінде. Соның көркемін алып тастаған соң жұрттың бәрі жүгенін сыпырған жылқы құсап көркем жазуды қойды. Айшықты сөйлем жазуды қойды. Қазіргі прозада ақпараттық қарапайым жорналшылдық тіл басым. Жорналшылдыққа оқытады, бірақ жазушылыққа оқытпайды. Мені о баста көркем әдебиетке алып келген – Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке» атты шығармасы. Көркемдігі басым, керемет шығарма ғой. 6-сыныпта осы шығарманың тарау-тарауларын жатқа айтатынмын. Ғабеңнің маған тигізген зияны болды. Мен тар шеңберде қалып кеттім. Жұрт түсінген жоқ. Түсінсе енді түсініп келе жатыр. Ал қарапайым жазғандардың бәрі атақты болып кетті. Кейде шектен тыс талғамның да зиянын көрдім. Мен қарапайым бола алмадым. Менің сорлылығым осында. Ғабең сыйлаған сорлылығым осында.

Прозаны да қарапайым жазуға болады. Қарапайымдылық – шеберліктің шыңы деуге болады. Бірақ жеткізе алса. Әдебиеттің тәрбиешілік рөлін төмендетіп алдық.

– Биылғы Қазақстан жазушыларының кезекті XV құрылтайына қатыстыңыз ба? Жаңа төрағасы сайланды. Сол жиында ұлтқа ұстын болуы тиіс біраз қаламгердің маскасы сыпырылып, масқарасы шықты. Бұдан қандай ой түйдіңіз?
– Жиында Нұрлан Оразалиннің атына айтылмаған сөз қалмады. Ол алдын өз пікірін айтқан болатын. «Мына сьезді айқай-шусыз бітірейік, мен қайтадан дауысқа түспеймін. Кетіп бара жатырмын. Ауызбірлікпен аяқтайық» деді. Бірақ сол әлгі бұрынғы топ бұрынғыны қайта қозғады. Беткеұстар бола ма деген, ұстын бола ма дегендердің өзі ірілік көрсете алмай, майдалық көрсетті. Ғабеңнің сөзі бар «ақынның орны қаламының көтерген деңгейінде» деген. «Жұртқа үлгі болады» деген жазушылар осылай етіп жатса…

– Қаламгер – қоғамның тамыршысы. Қоғамда соңғы әлетте болып жатқан оқиғалардың қайсысы қабырғаңызды қайыстырып жүр? Жер дауы, Сарыағаштағы бала оқиғасы… Қысқа қайырғанда…

– Ата-бабаларымыз қорғап кеткен жерді ешкімге бермеу де керек, сатпау да керек. Бала жөнінде айтар болсам, бұл – айуандық, шектен шыққандық. Бұл жасөспірімге де, қиянат көрген балаға да қатысты емес. Жалпыға қатысты. Қазақ ұлты ұл баласын ар намыстың шыңы санаған, қыз баласын ар ұяттың туы санаған. Осы тәрбие қазір жойылып кетті. Ұлдарымыз намыссыз. Сарыағаштағы оқиғаға жасөспірім намыссыздықтың салдарынан барып отыр. Өзінің қаны, өз ұлты ғой. Қазіргі қыздарға қарасам, аздап көңілге қаяу түсіретін қылықтары бар екенін жасыра алмаймыз. Қыз – ар ұяттың туы болуы тиіс. Туың жығылса не болмақ?

Қыз – болашақ ана, қызы жоқ ұлттың келешегі жоқ. Қыздың тәрбиесін уыстан шығарып алдық-ау, осы. Қыз бүлінсе, ел бүлінеді. Өзімнің афоризмім бар «Қабағынан күн күлдіретін де, етегімен ел бүлдіретін де әйел». Грузиндер өз ұлтын сақтап қалу үшін өзге ұлтқа қыздарын бермейді. Біздің кезіміздегі қыздардың етегі ауыр болатын. Менің қолымда билік болса барлық балабақша, мектептерге ұран жазғаннан көрі қыз тәрбиесі туралы мақалдарды жаздырып қояр едім.

Сұхбаттасқан:
Гүлжан Көшерова

фотосуретті түсірген: Әйгерім Бегімбет