ОҚО-да дін мен дәстүрді арқау еткен алқалы жиын өтті

532

Оңтүстікте облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Рухани жаңғыру: Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында жиын өтті. Шараға қала әкімі мен облыстық мәслихат депуттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сондай-ақ саяси партиялардың жетекшілері және дін қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – дін мен дәстүр тақырыбында ашық пікір алмасу, ұсыныстар айту.

Аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы іс-шараға жиналған көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, тақырып аясында ойын ортаға салды.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыруды – «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле¬сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап көрсетті. Дін де, дәстүр де қоғам да тыныштық пен татулықтың, бірлік-ынтымақ пен сыйластықтың салтанат құруына қызмет етеді. Қазақы санадағы «ұят», «обал», «сауап», «құт», «кие», «аманат», «ынсап» секілді іргелі ұғымдар ұлттық тәрбиемізде алтын тіндей үзілмей, ғасырлар бойында жалғасып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары асыл дінді ұлттық дәстүрмен үйлестіре ұстанудың маңызы арта түсуде», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, келелі кездесуде өңір басшысы қазіргі таңда дін мен дәстүр сабақтастығы артып, той-томалақ пен діни рәсімдерде ысырапқа жол бермеуге көңіл бөлініп жатқандығын жеткізді.

«Мешіттер белгіленген тәртіппен салынып, жаназа рәсіміндегі жөнсіз әрекеттер де бір ізге келтірілуде. Жер-жерлерде «Ақылдастар алқасы» құрылып сөзі өтімді, беделді азаматтардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, оң істі қолдаушылар көбейіп жатыр. Мұның бәрі ілгерілеудің, қоғамда дұрыс діни сана қалыптаса бастағандығының көріністері», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, облыс әкімі жастарға соқыр сенімге салынып сыңаржақ кетіп қалмай, ғылым мен өнерге, мәдениет пен өркениетке қарай ұмтылатын кезең екендігін қадап айтты.

Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл имамы Б.Бейсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер Р.Халмұрадов, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры О.Аяшов, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» С.Тұрысбеков, С.Ибрагимов сынды азаматтар тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, ұсыныстар айтты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі