ОҚО-да ІІО ардагерлеріне арнап 2 палата ашылды

593

 ОҚО ІІД Ардагерлер кеңесінің бастамасымен ОҚО ІІД Емханасы бар госпиталь мемлекеттік мекемесінде емделушілер үшін екі палатаның ашылу рәсімі болып өтті. ҚР ІІО Ұлттық ұлан Арадагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбеков Сержан Оразұлының бастамасымен қолға алынған бұл игі іс-шара көптеген ем алушылардың көңілінен шықты.

ОҚО ІІД-нің жеке құрамының бір күндік жалақысына бірінші қабаттағы екі палатаны толыққанды күрделі жөндеуден өткізіп, оның ішін барлық қажетті жиһазбен қамтамасыз етіп, емделушілер үшін барлық жағдай жасап қойды. ОҚО ІІД Емханасы бар госпитальда бүгінгі таңда ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне арнап 26 палата бар. Алайда, олардың бүгінгі жағдайы сын көтермейді.
ҚР ІІО Ұлттық Ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Тұрсынбеков және Президиум мүшелері госпиталь басшылығы және ондағы емделушілермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен танысты.

Ем алушылардың бірі 30 жыл күзет саласында қызмет атқарған, полиция старшинасы, ІІО ардагері Гүлбала Асқаров: «Инсульт алғалы бері осы госпитальға жылына екі рет келіп емделемін. Дәрігерлер бізге жақсы қарайды, қолдары шипалы, ауырғаныңды емдеп, жазады. Госпиталь басшылығына алғысымыз шексіз. Ал енді Ардагерлер кеңесінің бұл игі бастамасы көңіл қуантарлық. Барлық жағдайы жасалған палатада емделгенге не жетсін», деп атап кетті.

Сондай-ақ, Ордабасы аудандық ІІО төрағасы Елтай Мелдешов: «Көптен бері госпитальдің жағдайы мәз емес еді. Ескі ғимарат болған соң, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. 20-30 жылдан астам қызмет атқарған ІІО ардагерлері ем алып, денсаулығын түзететін жер болғандықтан, Ардагерлер кеңесінің бастамасымен қолға алынған бұл екі палатаны күрделі жөндеуден өткізіп отырғаны барлығымызды қуантып отыр. Ең бастысы, бұл бастама аяқсыз қалмай, өз жалғасын тапса екен деп тілейміз», деді.

Отставкідегі полиция подполковнигі, ІІО ардагері Әбишев Ерғазы болса, «Жас келген соң, тізе ауырып, буын сырқырамай қоймайды. Мұнда сол денсаулығымызды түзеуге келеміз. Сондықтан да, жататын жеріміз де талапқа сай болғанын қалаймыз. Сондай-ақ, ЭКГ жасату үшін, яғни жүректі тексертуге жолдама алу үшін ОҚО ІІД емханасы бар гсопиталь арнайы диагностикалық орталықпен келісім-шартқа отырса дұрыс болар еді. Сонда ардагерлер тегін тексеріліп, өз денсаулығын жақсартуына өз септігін тигізер еді, деп ұсыныс тастады.

Отставкідегі полиция подполковнигі, ІІО ардагері Жуликбаев Құрманбай ақсақал болса, дәрігерлердің жүрегінің тазалығына, жоқтан бар жасап, бар жағдайымызды жасап отырғаны үшін рахмет айтқысы келгенін, сондай-ақ, процедуралық ем қабылдау үшін аяғы ауыратын қариялар үшін мүгедектерге арналған қоларба қажет екенін атап өтті.
Кездесу қонақтары мен емделушілер алдында Емханасы бар госпиталь бастығы Карпишинец Евгения Николаевна сөз алып, «ҚР ІІО Ұлттық Ұлан Ардагерлер кеңесіне алғысымыз шексіз екенін ерекше атап өткім келеді. Ардагерлер үшін әсіресе, пластикалық терезелердің орнатылғаны үшін қуанышымызда шек жоқ. Қыста уілдеп, жазда ыстықтап жүретін емделушілер үшін палатамыз енді таза әрі қыста жылы, жазда салқын болып тұратындай күрделі жөндеуден өткізілгеніне ризамыз. Сіздерге алғыстан айтарымыз жоқ. Өз тарапымыздан жақсылап ем жасайтынымызға сөз береміз», деді қуанышын жасырмай.

Кездесу соңында ҚР ІІМ Ұлттық Ұлан Ардагерлер кеңесінің президиум мүшелері ІІО ардагерлері үшін барлық қажетті іс-шаралар жасайтын бастамалар өз жалғасын табатынын жасырмады.

ОҚО ІІД Баспасөз қызметі