Сарыағаштық шаруалар банан мен киви өсіруде

742

Тропикалық жемістердің 90 пайызы шет елдерден тасымалданып жатыр. Импорт тауарлардың сапасы күмән туғызады. Нарықтағы осынау дифицитті бағамдай білген сарыағаштық шаруалар жергілікті тұқымбақта киви мен банан, лимон өсіруде.

Агроном Жарқынбай Асаев көк өскіндеріне балаға қарағандай күтім жасайды. Себебі, күнгей климатына енді ғана жерсінген жеміс ағаштарын ерекше баптау керек. Күн шуағын сүйетін банан аптап ыстықта жиі суарылады. Тамырынан жетілетін жеміс ағашының биіктігі 6 метрге жетеді екен.

Жарқынбай Асев, агроном: «Күніне үш рет суарамын, дәрумендерін беремін. Жиі бұтап тұру керек. Дұрыс күтім жасалса, сонда ғана өнім алуға болады».

Сарыағаштық шаруалар осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы орман тәлімбағынан кивидің бірнеше көшетін әкеліп отырғызыпты. Алдымен тәжірибе ретінде оны жылыжайға, кейін ашық аспан астына егеді. Лимонның 250 түбін отырғызған дихандар әр түптен 8-10 келіден өнім алады екен. Келісін 150-200 теңгеден саудалаған. Тропикалық жемістерге деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді дейді несібесін жерден іздеген кәсіпкерлер.

Серғазы Бекмұрат, кәсіпкер: «Біздің отанымызға 15 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін цитрус өнімдері жетпейді екен. Статистикамен алып қарасаңыз, соның 99 пайызы шеттен келеді. Қытай, Түркия, Марокко, тіпті мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерден олардың бағасы өте қымбат. Ал сапсы көңіл көншітпейді».

Шаруалардың өнімдерін жергілікті халыққа таласа тармаса сатып алып жатыр. Бұйыртса, егістікті ұлғайтып, сырт елдерге де тауар тасымалдаймыз деп құлшынып отыр дихандар.