Зиянкестермен күресте диқандарға ғалымдар көмектесуде

500
Ғалымдар зиянкестермен биологиялық тәсілмен күресуде

Мақтарал ауданында зиянкестермен күресетін биофабрика, жиырмадан астам зертхана жұмыс жасайды. Жақында жұмыс сапарымен өлкеде болған өңір басшысы орталықтардың жұмысымен танысты.

Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының ОҚ филиалында болды. Зиянкестермен күресте биотәсілдерді қолдану тиімді екендігін сала мамандары іс жүзінде дәлелдеп жатқандарын жеткізді.

Мақсат Жүзбаев, энтомолог: «Былтыр Агробизнес колледжінің 12 соттық жылыжайында қызанақ отырғызып, зиянкестермен күреске  несидиокористі жібердік. Нәтиже жақсы болды. Шығынсыз жақсы өнім жинап алды».

Ғылыми жетістіктерді кеңінен пайдаланғанымен, өнімі зиянкеске жем болатын диқандар алаңдаулы. Айтуларынша, алдыңғы жылдары егістікті қаптап кеткен зиянкестер биологиялық тәсіл былай тұрсын, химиялық препараттарға бой бермеген. Қауын қарбызды жайылым жерге жақын еккен диқандар шығынға батқаны да баршаға мәлім.

Бақыт Адамбаев, диқан: «Зиянкестерді болжайтын, оларды шоғырланатын орнын анықтайтын, олармен күресетін мекемелер бар. Алайда олардың жұмысын байқаған жоқпыз. Міне, еккеніміздің бәрін шегіртке жеп, әбден шығынға батырды».

Асан  Махамбетов, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары: «Жер алып, дақыл еккен шаруа  өсіп, жетілуіне, зиянкестермен күресуіне жауапты. Өйткені,  жалға алған жерде егіншілікпен айналысқан диқан  табыстың бір де бір бөлігін мемлекетке тапсырмайды. Жинаған өнімін сатып, күн көреді. Сондықтан да, өзі де әрекеттенуі тиіс. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Жоспарлы жұмыстар ауданда жүргізілуде».

Ауыл шаруашылығы саласында жүйелілік болмаса, шығынға батасың. Сондықтан да шаруалар сала мамандары, ғалымдардың кеңесіне құлақ асып, кәсібін дөңгелетуде. Зиянкестермен күрес қымбат болса да, әлемде бар озық технологияға жүгінуге мәжбүр.