Ұлттық аспап ұлықталған күн

977

Ұлттық аспап ұлықталған күн. Түркістан қаласында 1000 домбырашының басын қосқан флешмоб өтті. Екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспаптың құлағында ойнағандар, Құрманғазы мен Сүгірдің күйлерін күмбірлетті. Домбыраның қоңыр дауысы касиетті мекен тұрғындарының рухын асқақтатты.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әсем әуенге бөленген күн. Ұлттық домбыра күнін ұлықтағандар ұлы мекенге жиналып, қос шекпен күй шертті. 1000 домбырашы бір сәтте Құрманғазының күйлерінен шашу шашып, ұлттық аспаптың абыройын асқақтатты. «Адай», «Көбік шашқан», «Балбырауын» күйлері күмбірлегенде тебіренбеген жан қалмады.

Зүбәйра Еркінбекова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Домбырада  орындалған  күйді есітіп кесенедегі ата — бабаларымыздың әруағы бір аунаған шығар. Домбыраның үні мәңгі естілсін, өшпесін.  Салт-дәстүрімізді дәріптейтін мерекелерім көп болсын».

Ұлдайхан Мәшкенова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Домбыра күніне немерелерімді ала келдім. Керемет әсер алдық. Домбыраның дауысы мәңгі шарықтасын».

Салтанатты шараға көрші аудандардың өнерпаздары да жиналған. Кентаулықтар атаулы күнге құр алақан келмепті. Нағыз қазақты сомдайтын аспаптың сүйемелдеуімен өнерлерін паш етті.

Домбыра қазақтың қазынасы

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақ халқының өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мерекеге арнайы ұйымдастырылған көрмеге домбыраның қайын, өрік, қара ағаштан жасалған жалпы 15 -ке жуық түрін қойған. 19 ғасырдан сақталған жәдігерді де кездестіруге болады.

Гүлмира Лазар, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері: «Мына домбыра тұрмыс тіршілікте кеңінен  пайдаланған. Қара ағаштан жасалған. Ауылдарды аралап , таптық. Бұл жолы көрмеге 15-ке тарта домбыраны  алып келдік. Олардың басым бөлігі қара ағаштан жасалған. Өрік ағашы мен қайыңнан жасалған  ұлттық аспаптарымыз да бар. Мақсат — «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құндылықтарымызды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу».

1000 домбырашы бір нотасынан жаңылмай бірнеше күйді қатарынан орындап шықты. Домбыраның қоңыр дауысы әрбір жанды рухтандырып, шабыт сыйлады.