Түркістанда адам өмірі мен денсаулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиында ақ халатты абзал жандардың еңбегі еленіп, үздіктер марапатталды. Сонымен қатар өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Түркістандық дәрігерлерге құрмет көрсетілді. Мерекелік іс-шара «Конгресс Холл» кешенінде өтті. Іс-шараға дәрігерлер, медбикелер, сала ардагерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше орнына тоқталды. Сонымен қатар, аймақ басшысы соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Соңғы үш жылда облыста 115 медициналық нысан пайдалануға беріліп, тағы 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы нығайтылған.
Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Олардың қатарында «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің грамоталары бар. Марапаттау рәсімінде өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті табысталды. Сонымен бірге өңірдегі бес оңалту орталығына медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға арналған сертификаттар берілді. Шара барысында ауыр дерттен айығып шыққан тұрғындар сөз сөйлеп, өздеріне өмір сыйлаған дәрігерлерге алғыс білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан медицинасы жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Өткен жылы облыс дәрігерлері 75 мыңнан астам ота жасап, 42 ағза трансплантациясын сәтті жүзеге асырды. Ал жылжымалы медициналық кешендердің көмегімен жүздеген мың ауыл тұрғыны медициналық тексеруден өтті. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар да оң нәтиже беріп, нәресте мен бала өлімі көрсеткіштері төмендеген. Сонымен қатар, өңірде кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Мерекелік кеш соңы елімізге танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, ақ халатты абзал жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Нұргүл Жолымбетова






