Қошқар ата өзенінің жағалауында ине шаншар жер жоқ

467

Шымкенттің шіліңгір шілдесі өз күшіне мінді. Аптап ыстықтан жұртшылық қалай сақтануда? Қалада сая болар субұрқақтар қалай жұмыс істеп тұр? Арна тілшісі сұрақтарға жауап іздеп шықты.

Қайнаған күн көзіне шығуға ешкімнің құлшынысы жоғы анық. Алайда қаланың қым-қуыт тіршілігі жайбарақат жатуға қаратсын ба? Дегенмен әрбір тұрғын ыстықтан сақтанудың өзінше амалын ойлап тапқан. Бірі басына орамал сулап жапса, енді бірі қолшатырдың көмегіне жүгінген. Басым көпшілігі жанына саяны саябақтардағы су бұрқақтарынан табады.

«Шымкенттің ыстығына үйреніп те қалдық қой. Осылай салқындап алып кете береміз», «Бұл да болсын Алланың нұры. Біздер ыстық күнге үйреніп қалғанбыз. Үйреніспеген адамдар үшін қиын-ақ», – дейді тұрғындар.

Ия, қапырық ыстыққа төтеп бере алмайтындар да бар. Арасында автобус күтіп тұрғандардың бірі көлеңкеде тұрса да мазасы қашты. Жедел жәрдем жеткенше аяғынан тұра алмай, басы айналып құлап та қалды.

Апта басы болса да Қошқарата өзенінің жағалауында ине шаншар жер жоқ. Қаптаған халық ыстықтан жанына сая іздеп жүр. Ал мамандар дененің жоғары температурасында суға түсуге болмайды деп ескертеді.

Рауан Дүйсенбеков, облыстық жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары:  «Қатты ыстықта терлеп тұрып бірден суға шомылуға болмайды. Алдымен шамалы кешіп денені суға үйретіп алу керек. Әйтпесе ыстық денемен суық суға түскенде сіңір тартылу сияқты қауіпті жағдайлар орын алады. Сондықтан адамдар осы жағдайды ескерсе екен».

Міне, қайнаған қапырықтан мезі болған халық ыстықтан тек суға түсіп құтылуда. Дегенмен әрбір адам денсаулығына сәйкес маман кеңесіне жүгінсе артықтық етпейтіні анық.