«Ақ тілекпен, Астана» көрмесі өтті

932

«Ақ тілекпен, Астана». Осындай атаумен Елордадан Шымкент тұрғындарының назарына көшпелі көрме келді. Еліміздің ең үздік елуге жуық қылқалам шеберінің туындылары көз сүйсінтеді. Көрме 12 – мамырда Ақтөбе қаласынан бастау алған болатын.

Ерекше көрме екі экспозициядан тұрады. Біріншісінде халқымыздың өткенінен сыр шертсе, енді бірі қазіргі заманауи тіршілікті бейнелейді. Көзге ыстық көрінетіні де қазақ елінің байырғы тұрмысы. Әсіресе қазақ қызының бейнесі келгендердің назарын бірден аударып, өзіне байлап қойды. Арасында бұрымды қызға ұзақ қарап тамсанғандар көп. Бұл суретте ұлттық әшекейлер бейнеленбей, асқан шеберлікпен жабыстырылған. Бұл әдіс ерекше жұмысқа жан бітіріп тұрғандай. Сондықтан да болар қай жерге бармасын осы көркемөнер туындысына қызығушылық танытанындар көп екен.

Сондай-ақ, мұнда бас қаланың көрікті мекендерін де бейнелейтін суреттер бар. Келушілер Елордамыздың әсем бейнесіне тамсанып, таңдай қақты. Ал, олардың арасында туындылардан айрықша әсерге бөленгендер де болды.

Роза Садықов, қала тұрғыны: «Астананың керемет әдемі суреттері қойылған. Қарап тұрып осы көріністерді өзің барып көргің келеді. Қандай тамаша. Ал, қазақ елінің бұрынғы тұрмыс-тіршілігін көрсететін суреттерден айырықша әсер алдым. Тіпті мынау ашаршылық заманы кезіндегі туындыларды көрген кезде тамағыма еріксіз өксік келді. Қылқалм шеберлерінің өнеріне тәнті болдым».

Ұйымдастырушылар тек көркемсурет туындыларын алып келумен шектелмеген. Мұнда Астана қаласының белгілі шеберлерінің қолынан шыққан мүсіндер қойылыпты. Барлығы да Тәуелсіздік сарайының қорынан алынған.

Айнұр Әбілхайырқызы, Тәуелсіздік сарайы көрме ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі: «Біз мұнда тек елімізде ғана көрсетілген туындыларды алып келмедік. Бұл жерде шетелдерде әлемдік деңгейдегі көрмелерге қойылған туындылар бар. Сонымен қатар, Астанадан басқа жерге шықпаған жұмыстарды да алып шықтық. Халықтың қызығушылығы жаман емес. Бейнелеу өнеріне деген ерекше көзқарастар бізді қуантты. Астанамыздың 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған көрме барша тамашалаушы халыққа ұнап жатыр. Бізді сол қуантты».

Көрме қала тұрғындары мен қонақтарының назарына 3 күн бойына ұсынылды. Айта кетейік, көшпелі көрме 13 – қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірлерінде қойылады.