Автокөлік айнасын ұрлаумен айналысқан Алматы қаласының тұрғыны ұсталды

344

Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті жердің тұрғыны арызданған, онда автотұрақта тұрған «Лексус» автокөлігінің екі жақтауындағы айнасын қорапшасымен бірге белгісіз тұлға, жасырын түрде ұрлап, 500 000 теңге материалдық шығын келтіргендігін жазып көрсеткен.

Түркістан облысының Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында Алматы қаласының тұрғынын ұстады. Күдікті қамауда, деп хабарлайды Түркістан облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ұсталған күдіктінің автокөліктің айнасын ұрлаудың тағы бір жайтына қатысы барын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі миллион теңгеге жуық болып отыр.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары ұрылардың құрбаны болмау үшін, өзінің мүлкіне мұқият болуын ескертеді. Көлікті ашық қалдырмау, көлікті ақылы автотұраққа қойып, дабыл қондырғыларын орнату, ақша және бағалы заттарды қараусыз көлікке тастап кетпеу секілді сақтық шараларын жасауға кеңес береді. Бұл сақтық шараларының сақталуы ұрлық жайттарын айтарлықтай азайтады.